- Негізгі бет
- Әлемтану
- Қытай зонды араға...
Қытай зонды араға 44 жыл салып Айдан топырақ үлгісін әкеледі
Қытайлық "Чанчжэн-5" зымыраны орбитаға "Чанъэ-5" зондын алып ұшты. Зонд араға 44 жыл салып Жерге Ай топырағын жеткізеді.
Зымыран Хайнань аралындағы Венчан космодромынан 24 қарашада Нұр-Сұлтан уақытымен 14.30-да ұшырылған. Миссия аясында станция Айдың батыс жағындағы "Дауылдар мұхитына" қонып, шамамен 2 кг топырақ алып, Жерге оралады. Миссия 23 күнде орындалады деп жоспарланып отыр.
Зонд Айға 29 қарашада қонады. Егер сәтті аяқталса, Қытай 44 жылдан кейін Ай бетінен Жерге геологиялық үлгілерді жеткізген үшінші мемлекет атанады. Бұған дейін КСРО мен АҚШ топырақ сынамаларын әкелген еді. Кеңес Одағының "Луна" миссиясы 1970-1976 жылдар аралығында Жерге 326 грамм Ай топырағын алып келген, ал "Аполлон" миссиясында АҚШ-қа 391 грамм Ай топырағы жеткізілген.
Қытай құрылғысы "Айдағы жанартаудың белсенділігі қашан тоқтап, магнит өрісі қашан жоғалды?" деген сияқты сұрақтардың жауабын іздеп, зерттеу жүргізеді.
8,2 тонналық зонд Айға қонуға, Айдың бетінде екі метр тереңдікте бұрғылауға, одан топырақ шығаруға, алынған топырақпен Ай бетінен жоғары көтерілуге және орбиталық модульге қосылуға арналған 4 модульден тұрады. Содан кейін орбиталық модуль Айдан алынған сынамамен бірге Жерге оралады. Ол 15-16 желтоқсанда Қытайдың солтүстігіне қонады деп жоспарланған.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қытай өзінің ұлттық ғарыш бағдарламасын белсенді дамытып жатыр. Қытай кейінгі 2 жылда ғарышқа ұшу саны бойынша әлемде көшбасшы саналады. 2030 жылға дейін Айға ғарышкерлерді жіберіп, сонда өз базасын құруды жоспарлап отыр.
Т. Раушанұлы