Мысырда 2500 жыл бұрын көмілген саркофаг табылды

Мысырда 2500 жыл бұрын көмілген саркофаг табылды
Фото: smithsonianmag.com

Мысыр үкіметі Каир маңындағы Саккара қорымынан 100-ге жуық көне саркофаг табылғанын хабарлады. Олардың кейбірі алтынмен безендірілген. Бұған дейін бұл аймақтан 59 саркофаг табылған еді.

Мысырдың көне дәуірлер министрі Халид Аль-Ананидің айтуынша, саркофагтар Птолемей кезеңіне (б.з.д. 320-30 жж.) және соңғы патшалық кезеңіне (б.з.д. 664-332 жж.) жатады.

Ерекше әшекейлермен безендірілген саркофагтар Джозер пирамидасының түбінде ұйымдастырылған арнайы көрмеге ұсынылды. Археологтар саркофагтардың бірін ашып, ішінде жақсы сақталған мумияны көрсетті.

Египет билігі Саккарадағы қазба жұмыстары кезінде табылған басқа археологиялық олжалар туралы жақын арада хабарлайды.

Қыркүйек айында ғалымдар бұл қорымнан 14 саркофаг тапқан еді. Алайда қорымның арғы жағынан тағы екі шахта табылып, табыт саны 59-ға жетті. Оның 40-ы қазір сыртқа шығарылған. Қалғаны Үлкен Мысыр мұражайына қойылмақ. Саркофагтар осыдан 2500 жыл бұрын көмілген. 

Қабір ішінен Нефертума құдайының бағалы тастармен көмкерілген қола мүсіні, Птах-Сокер құдайының 27 мүсіні табылды.

Айта кетейік, Каирден 30 шақырым қашықта орналасқан Саккара 3000 жылдан бері зират ретінде қолданылып келеді және Ежелгі Мысыр астанасы Мемфистің негізгі қорымы болған. Бұл аумақ қазір ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енген. Саккарада Ежелгі Мысырдың ықпалды және жоғары лауазымды тұлғаларына тиесілі кем дегенде 11 пирамида мен жүздеген саркофаг бар.

Т. Раушанұлы