Атом бомбасы сынақтан өткізілген 10 аймақ

Атом бомбасы сынақтан өткізілген 10 аймақ
Фото: popmech.ru

Атом бомбасы сынақтан өткізілген аймақтар көбіне елден жырақ болады. Себебі оның адамзат үшін, жалпы тіршілік үшін зардабы ауыр. Ал табиғатқа тигізген кесірі шаш-етектен. Назарыңызға ядролық қару көп әрі жиі сыналған аймақтар тізімін ұсынамыз.

1. Кох Камбаран (Пәкістан)

Сынақ полигоны Пәкістанның Белуджистан провинциясындағы Рас Кох ауданында орналасқан. 1998 жылдың мамыр айында алғашқы сынақ өткізген. Қуаты 12-18 кт болатын 6 бірдей жарылғышты жер астында жарды. Сынақтан өткізудің бір себебі – Үндістанмен арақатынастың шиеленісуі еді.

Ел билігі бұл аймақта сынақ өткізуді 1976 жылы қабылдаған. Негізінен Рас Кох үстірті граниті көп аймақ. Ал ол жердің тұрғындары көшпелі өмір салтын ұстанады. Сондықтан осы аймақ таңдалған.

2. Маралинга (Аустралия)

Маралинга Оңтүстік Аустралия штатындағы бұрынғы британдықтардың полигоны. Жалпы аумағы 3,3 мың кв.км-ді құрайды. 1956-1963 жылдар аралығында 7 рет атмосферадағы жарылыс сынағы өткізілген. 1967 жылы жабылған. Аборигендер бұл аймақты киелі санайды. Сынақ аяқталғаннан кейін көбі қайта оралған. 20 жыл өткеннен кейін жергілікті халық талабы бойынша тазалау операциясы жүргізілген.

3. Похран (Үндістан)

Полигон Раджастхан штатындағы Тар шөлінде орналасқан. 1974 жылдың 18 мамырында алғаш рет атом бомбасы сынағы өткен. 1998 жылы ядролық қарулары барын мойындап қана қоймай, 5 рет сынақ жүргізген. Оның ішінде қуаты 43 кт болатын термоядролық бомба да бар. Соңғы жылдары өткізген сынақтары жайлы ақпар жоқтың қасы.

4. Бикини атоллы

АҚШ-тың бұл полигоны Тынық мұхиттағы Маршалл аралдарындағы Бикини атоллында болған. Ядролық қаруды осында жиі сынақтан өткізген. 1946-1958 жылдар аралығында шамамен 67 сынақ болған. Қазір сынақ жұмыстары тоқтағанмен, ертеректе басқа жаққа қоныс аударылған тұрғындар қайта алар емес. Себебі мұнда радиация әлі күнге дейін жоғары қалыпта тұр.

5. Лобнор (Қытай)

Полигон Қытайдың Ұйғыр автономиялық ауданындағы құрғап қалған Лобнор көлі орнына салынған. Алғашқы сынақ 1964 жылдың 16 қазанында өткен. Араға 3 жыл сала Қытайдың алғашқы сутегі бомбасы сынақтан өткізілген.

1996 жылдың қыркүйегінде ҚХР ядролық қаруға қарсы келісімге қол қойды. Оған дейін Лобнорда 45 рет сынақ болған. Оның 23-і атмосферада, 22-і жер астында сыналған. Қазір полигон жабылған.

6. Муруроа (Француз Полинезиясы)

Француздардың бұрынғы полигоны Тынық мұхиттағы Тиамоту архипелагында орналасқан. 1966-1996 жылдар аралығында француздар экологтар қарсылығына қарамастан 41 жер үсті, 134 жер асты ядролық қару сынағын өткізген. Ал мұнда 9 миллион жыл бұрын сөнген Муруроа жанартауы орналасқан. Сынақтан кейін жанартаудың жоғарғы тұсына бірнеше шақырымдық жарық пайда болған. Содан кейін сынақ тоқтатылған.

7. Жаңа Жер (Ресей)

Солтүстік Мұзды мұхитындағы бұл аймақта сынақ өткізу туралы шешім 1954 жылдың 17 қыркүйегінде қабылданған. 1990 жылға дейін 132 жарылыс болған. Оның ішінде ең қуатты 58 мегатонналық бомба да бар.

1969 жылдың 14 қазанында полигонда апат болып, 344 адам зардап шеккен.

8. Невада (АҚШ)

Невада сынақ полигоны Лас-Вегас қаласынан небәрі 100 шақырым ғана алыс орналасқан. Ең көп ядролық сынақ болған полигон. Мұнда 928 ядролық жарылыс болған. Оның 800-і жер астында болған. Жарты ғасыр бұрын мұнда «алып саңырауқұлақтарды» туристер арнайы тамашалаған да.

9. Семей полигоны (Қазақстан)

29 тамыз – қазақ халқына қасiрет пен үміттi қатар сыйлаған күн. 1949 жылы 29 тамызда полигонда алғашқы сынақ жасалса, 40 жылдан астам уақыттан кейiн дәл осы күнi Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сынақ полигонын жабу туралы Жарлығы шықты. Бұл күн халықтың қасіреттен құтылуына жол ашты, бүгінде бүкіл әлем осы датаны Халықаралық ядролық сынаққа қарсы iс-қимыл күнi ретінде атап өтеді.

Семей полигонында 40 жыл ішінде барлығы 456 ядролық сынақ өткізілдi, оның 86-сы әуеде, 30-ы жер үстiнде, 340-ы жер астында жасалды. Полигон аумағы 18500 шаршы метрдi құрады. Жылдам тараған улы радиация осы аумақта тұрған 1,5 млн адамға зиянын тигізді.

10. Пунги-ри (Корей Халық Демократиялық республикасы)

Полигон Килху қаласына жақын маңда орналасқан. Оңтүстік, Шығыс және Батыс жер асты жолдары бар. Мұнда алғашқы сынақ 2006 жылдың 9 қазанында өткен. АҚШ барлаушылары таратқан ақпар бойынша жарылыстың қуаты 1 кт болған. Одан кейін ядролық сынақтар 2009 және 2013 жылдары өткен. Бұдан кейін магнитудасы 4,7 және 5,1 баллдық жер асты дүмпуі сезілген. Полигон әлі күнге дейін сынақ алаңы саналады.

Н. Үсенова