26 жылда 28 трлн тонна мұз еріген

26 жылда 28 трлн тонна мұз еріген
Фото: pixabay.com

Климаттың жылуы әсерінен жер бетіндегі мұздықтар жылдам еріп жатыр. Бұл ғаламдық мәселені экологтар мен ғалымдар қанша уақыттан бері зерттеп, басылым беттерінде баса айтып келеді. Жақында ұлыбританиялық ғалымдардың зерттеуінде тағы бір дерек жарияланды: 1994 жылдан бергі аралықта 28 триллион тонна мұз еріген.

Ұлыбританиялық ғалымдар ғарыштан түсірілген тау, мұздықтар мен солтүстік полюс суреттеріне қарап қорытынды жасаған. Мұздықтар мұндай қарқынмен ери беретін болса, онда ХХІ ғасыр соңына қарай теңіз деңгейі 1 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Салдарынан су жағасындағы қалаларға айтарлықтай қауіп төнеді.

"Теңіз деңгейінің 1 сантиметрге көтерілуінің өзі су жағасында тұратын 1 миллионға жуық адамды өз тұрағынан кетуіне мәжбүрлейді. Сондықтан климат проблемасына бей-жай қарауға болмайды, - дейді Лидс университетінің профессоры Энди Шепард.

Мұздықтардың еруі Күннен келетін радиацияны да арттырады. Радиация ақ қар мен көк мұзға шағылғандықтан әсері қатты емес. Ал еріген мұздықтардың орнына түскен Күн сәулесі жерді тез қыздырады.

Н. Үсенова