Еуропаның бірнеше қаласы Жаңа жылды отшашусыз қарсы алды

Еуропаның бірнеше қаласы Жаңа жылды отшашусыз қарсы алды
Фото: unsplash.com

Брюссельде, Парижде, Прагада әуесқойларға да, кәсіби отшашуға да тыйым салынды. Ал Германияда биыл орталық алаңдарда салют атуға тыйым салынды. Мұндай тыйым қауіпсіздік үшін енгізілді. Бұл туралы Deutsche Welle сайтында хабарланды.

2019 жылдың соңында Германияның 53 қаласында сауалнама жүргізілген. Соған сай Аугсбург, Бамберг, Дюссельдорф, Гамбург, Мюнхен, Нюрнберг және Штутгарттың тарихи орталықтары мен жаяу жүргіншілер аймағында отшашуларға шектеулер енгізілді.

Немістер жыл сайын мереке пиротехникасына 133 миллион еуро жұмсайды екен. Әуесқой отшашулар заңмен қатаң реттеледі: бұған тек 31 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында рұқсат етіледі. Ал егер заң бұзылса, ол үшін 10 мың еуроға дейін айыппұл салынады.

Берлин осы жылы Александрплацта және әлемдегі ең үлкен ашық аспан астында Жаңа жылдық кеш өткізетін Бранденбург қақпасында әуесқой отшашуға тыйым салған.

Бұдан басқа, Кельнде Кельн соборының жанындағы аймақ та қоршауға алынды. Қонақтардың барлығының сөмкелері мен рюкзактары тексеріліп, тіпті от зымырандары мен бенгал оты да тәркіленді.

Мереке пиротехникасын 28-31 желтоқсан аралығында ғана сатып алуға болады. Отшашуды аурухана, қарттар үйінің маңында атуға тыйым салынған. Қазір біршама қала белгілі бір ауданды пиротехникаға арнап жатыр.

Муниципал билік мәдени-тарихи ескерткіштердің зақымдануын болдырмау үшін де отшашуға тыйым салып жатыр.

Massaget