2019 жылы жер бетінен жойылған тіршілік иелері

2019 жылы жер бетінен жойылған тіршілік иелері
Фото: mashable.com, Borneo Rhino Alliance

Жер бетінен мәңгіге жоғалып кеткен, тіпті тұқымы қалмаған тіршілік иелері қаншама? Бәлкім, бірең-сараңы бар да болар. Көзге көрінбей жүрген болар деп үміттенесің. Бірақ табыла қоюы неғайбыл.

Жоғалып кету қаупі төнген жан-жануарлар жетерлік. Оған түрлі факторлар (ғаламдық жылыну, адамдар іс-әрекеті, экология, т.б.) әсер етері даусыз. Кезінде есепсіз аң аулаудың нәтижесінде қазір біз естіп білмеген, көрмеген хайуанаттардың жоқ болып кеткендігі жайлы жазылып-ақ жүр. Ғалымдар жойылу себебін де тұспалдайды. Ал қазір бар тіршілік иелерін қорғап қалудың жолы қандай?

2019 жылдың өзінде кем дегенде төрт бірдей жан-жануар түрі жер бетінен түбегейлі жоғалған. Олар:

1. Кедертасты шолақ құйрық егеуқұйрық

Бұл тіршілік иесі Аустралияның Брамбл-Кэй атты шағын аралында көптеп кездесетін. 2009 жылдан бастап саны күрт азайған. Ал осы жылдың ақпан айында біржола жойылған тіршілік иелері қатарына қосылды. Бұл – климат өзгерісі әсерінен ізім-ғайым жоғалған алғашқы сүтқоректі саналып отыр.

2. Суматра мүйізтұмсығы

Қараша айында Борнео қорығында 25 жыл өмір сүрген Иман атты суматра мүйізтұмсығы көз жұмды. Бұл – Малайзиядағы соңғы қалғаны еді. Суматра мүйізтұмсығы осы жылдың мамыр айынан бастап жоғалған жануарлар қатарына қосылды. Себебі еркін табиғат аясында жүрген соңғысы жан тапсырған болатын. Ғалымдар топшылауы бойынша, Индонезияда 30-80 түрі кездесуі мүмкін екен.

3. Гавай ұлуы

Джордж атты Гавай ұлуы жақында ғана жарық дүниемен қош айтысты. 14 жылдай Гавай университеті зерттеу орталығында өмір сүрген. 1997 жылы табылған 10 шақты гавай ұлуынан тірі қалғаны осы еді. Зерттеушілер сақтап қалуға тырысқанмен, нәтиже болмаған. 20 жылдан бері табиғатта ұлудың бұл түрі кездеспей келеді.

 4. Багам көктекесі

Қыркүйек айында Багамда Дориан тропикалық дауылы табиғатқа аса көп шығын алып келді. Әсіресе багам көктекесі мекендейтін аймаққа көп залал тиді. Осы қуатты дауылдан кейін зерттеушілер бұл құс түрін кездестіре алған жоқ. Ал оған дейін бірнешеуін көріп, бақылап жүрген. Нәтижесінде жойылып кетуі мүмкін деген тіршілік иелері қатарына қосылды.

Дереккөз

Н. Үсенова