Burger King Еуропада жасанды еттен дайындалған өнімдерін сата бастады

Burger King Еуропада жасанды еттен дайындалған өнімдерін сата бастады
Фото: vk.com

Американың Burger King ресторандар желісі Еуропадағы 20-дан астам дәмханасында өсімдіктен дайындалған жасанды ет қосылған бургерлерін сата бастады. Бұл бургер Rebel Whopper деп аталады. 

Burger King компаниясына жасанды етті Нидерландияның The Vegetarian Butcher компаниясы жеткізіп береді.  

Burger King АҚШ-та Impossible Foods компаниясымен бірлесіп жұмыс істейді. Бірақ жасанды ет қосылған бургерлердің  генетикалық түрлендіретін қосылыстарына байланысты Еуропалық Одақта сатуға рұқсат етілмеген еді. ЕО ережелеріне сәйкес мұндай өнімдер сатылмас бұрын тексеруден өтуі қажет.

Америкада етсіз фастфуд жасау тәжірибелері өз жемісін бере бастады. 1 сәуірден бастап АҚШ-тағы Burger King-тің 59 дәмханасы менюіне құрамында мүлде ет болмаған котлетті бургерлерді енгізді.

Классикалық бургер мен етсіз бургерді бір-бірінен ажырату өте қиын. Олардың сыртқы көрінісі, дәмі бірдей. Айырмашылығы: біріншісінің ішіндегі ет табиғи да, екіншісіне 100 пайыз өсімдіктен жасалған жасанды ет салынған. 

Айта кетейік, жоғарыда атап өткен фастфуд тағамы үшін етсіз котлеттер даярлайтын Impossible Foods компаниясы ет пен сүт өнімдерін алмастыратын жаңа түрдегі азық-түлік өнімдерін жасайды. 

Аталған компания ет пен сүттің дәмі мен дәрумендерін бере алатын жаңа тағамдарды жасап, 2011 жылдан бері дүкен мен ресторандардан тапсырыс алып келеді. Impossible Foods осы арқылы ауыл шаруашылығының табиғатқа тигізетін зиянын, анығы, жаһандық жылынудың алдын алуды мақсат еткен.

Сол жағындағы бургер жасанды еттен дайындалған да, оң жақтағы бургер табиғи еттен дайындалған. ©Брайан Кули / CNET

Біз осыған дейін жасанды еттен дайындалған бургерлер туралы, оның адам ағзасына пайдасы мен зияны, табиғи еттен айырмашылығы турасындағы сауалдар айналасында ізденіп: “Жасанды еттен дайындалған бургер: айырмашылығы, құрамы, бағасы” атты мақала жазған болатынбыз.

Мұндай бургерді жеп көрген Билл Гейтс: "Басқалар сияқты мен де өзімді ақымақ деп санамаймын. Бірақ маған құс етінен жасалған тағамды жеп көріп, ол "табиғи ет пе, жасанды ма айыра аласыз ба?" деп сұраған кезінде өзімде сондай адам ретінде сезіндім. Еттің сырт көрінісі құс етінен аумайды. Тістеп көріп едім, оның дәмі де жұмсақтығы да табиғи еттен айнымайды екен. Бірақ "тағамда 1 грамм да құс еті жоқ" дегенде қатты таңғалдым. Ет толықтай өсімдіктерден дайындалған екен. Мен әлі де оларды айыра алмаймын", – деген еді.

Т. Раушанұлы