Louis Vuitton Moët Hennessy (LVMH) компаниялар желісінің президенті һәм негізін қалаушысы, франциялық миллиардер Бернар Арноның байлығы артып, әлемдегі 100 миллиард доллары бар қалталылардың қатарына қосылды.
Сарапшылардың есептеуінше, Арноның байлығына осы аптада 3 миллиард доллар қосылып, ақшасы 100,4 миллиардқа жеткен. Сонымен әлемде байлығы 100 миллиардтан асатын адамдардың саны тағы біреуге артты. Бұрын бұл межені Amazon-ның негізін қалаушысы Джефф Безос пен Microsoft-тің иесі Билл Гейтс бағындырған болатын.
Bloomberg-тің есебінше, Арноның байлығы Франция жалпы ішкі өнімінің 3 пайызын құрайды екен.
Айта кетейік, осыған дейін Forbes эксперттері Арноның байлығын 97,3 миллиардқа бағалаған болатын. Бұл журналдағы миллиардерлер тізімінде ол үшінші. Одан жоғары орындарда Безос ($156,2 млрд) және Гейтс ($102,4 млрд).