Бүгін – Халықаралық отбасы күні

Бүгін – Халықаралық отбасы күні
Фото: unsplash.com

1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 15 мамырды Халықаралық отбасы күні деп бекітті. Бұл күннің пайда болуына қоғамның заманауи отбасылар мәселесіне, отбасылық құндылықтардың жоғалуына және неке институтының құнсыздануына алаңдаушылығы негіз болды. Бұл бақыт, махаббат және адалдық мерекесі.

Бала жақындықты, махаббатты және қолдау сенімін алғаш рет отбасыдан сезінеді. Ол отбасыдан адамдармен араласуды, жақсылықты көре білуді үйренеді. Отбасылық дәстүр, ақыл-кеңес ұрпақтан ұрпаққа беріледі.

Отбасының басты мақсаты – балаларға өмір сыйлау, оларды бақытты балалық шақпен және жеткілікті біліммен қамтамасыз ету және ары қарай өздігінше өмір сүруіне берік негіз жасап беру. Сондықтан отбасы мүшелерінің бір-бірімен дос әрі берік болуы маңызды.

Отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Отбасының беріктігін сақтап қалуға және оның ішін әрдайым махаббатпен толтыруға да қандай да бір күш жұмсап, еңбек ету керек. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Бақытты отбасыда өскен бала айналасын да жақсылықпен толтырып жүреді.

ҚР Президенті Жарлығымен бұл мереке Қазақстанда қыркүйек айының екінші жексенбісі күні тойланатын болды. Оның мақсаты – жанұялық құндылықтарды нығайту.

Отбасы күні күнделікті қарбаластан отбасылық бақытты көруге мүмкіндік береді. Сондықтан бүгінгі Халықаралық отбасы күнін сылтау етіп, жақыныңызға алғыс сөз айтып, сыйластық білдіріңіз!

А. Жапатова