- Негізгі бет
- Әлемтану
- Жасанды еттен дайындалған...
Жасанды еттен дайындалған бургер: айырмашылығы, құрамы, бағасы
Америкада етсіз фастфуд жасау тәжірибелері өз жемісін бере бастады. 1 сәуірден бастап АҚШ-тағы "Burger King-тің" 59 дәмханасы құрамында мүлде ет болмаған котлетті бургерлерді менюіне енгізді. "Nestle" компаниясы болса 2 сәуірден бастап тек өсімдіктен жасалған бургерлерді Еуропа мен АҚШ базарына шығаратынын мәлімдеді.
Етсіз бургерді сатып алушылар алғашында 1 сәуірге шығарылған кезекті қалжың шығар деп ойлаған. Себебі әдеттегі бургер мен етсіз бургерді бір-бірінен айыру өте қиын. Олардың сыртқы көрінісі, дәмі бірдей. Айырмашылығы: біріншісінің ішіндегі ет табиғи да, екіншісіне 100 пайыз өсімдіктен жасалған жасанды ет салынған.
©gigazine.net
"Етсіз" бургердің артықшылығы қандай?
"Burger King"-тің "Impossible Whopper" атты жаңа түрдегі фастфуд тағамы үшін етсіз котлеттерді "Impossible Foods" компаниясы жеткізіп береді. Бұл компания ет пен сүт өнімдерінің орнын басатын жаңа түрдегі азық-түлік өнімдерін жасайды. Аталмыш компания ет пен сүттің дәмі мен дәрумендерін бере алатын жаңа тағамдарды жасап, 2011 жылдан бері дүкен мен ресторандардан тапсырыс алып келеді.
"Impossible Foods" осы арқылы ауыл шаруашылығының табиғатқа тигізетін зиянын анығы жаһандық жылынудың алдын алуды мақсат еткен.
©bloomberg.com
Қалай дейсіз бе?
Зерттеулерге қарағанда бір сиыр жылына 70-120 келі метан газын бөледі екен. Метан құдды карбонат ангидрид (CO2) сынды жылу эффектін шығарушы газ болып есептеледі. Бірақ екеуін салыстыратын болсақ, метанның табиғатқа тигізетін зияны карбонат ангидридтен қарағанда 23 есе көп, яғни бір сиыр жылына табиғатқа бөлетін 100 келі метан газы 2300 келі карбонат ангидридке тең болады. Салыстыру үшін айтатын болсақ, 1000 литр жанармай жағылғанда айналаға сонша (2300) CO2 газ бөлінеді. 1000 литр жанармай дегеніміз – 100 шақырым үшін 8 литр жанармай жағатын көлікпен сіз 12500 шақырым жүре аласыз деген сөз. Немесе шамамен 1000 литр жанармаймен Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына 5 рет барып келе аласыз. Ал бір көлік осы аралықта айналаға бөлетін метан газын, бір сиыр бір жылда табиғатқа бөле алады.
Шамамен Жер бетінде 1,5 миллиард сиыр бар екен... БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) мәліметінше, әлемдегі жаһандық жылынудың 18 пайызы ауыл шаруашылығы есебінен екен. Бұл бүкіл транспорт секторынан да көп үлес.
Адамзат жақсы өмірге ұмтылған сайын ет пен сүт өнімдерін сатып алушылардың саны да жыл сайын артып келеді. 2000 жылдары жалпы 229 миллион ет өндірілген болса, бұл көрсеткіш 2050 жылға барып 2 есе асып, 465 миллион тоннаға жетеді деп болжанған. Дәл осы аралықта сүт өнімдері 580 миллион тоннадан 1043 миллион тоннаға дейін өседі.
Жасанды етті Билл Гейтс те айыра алмаған
"Impossible Foods" еттің балама нұсқасын жасау үстінде зерттеулер жүргізіп жатқан жалғыз компания емес. Төрт түлік мал мен құс етін қайта өңдеп сату бойынша әлемде екінші орында тұратын "Tyson Foods" компаниясы да осы жылдың ақпан айынан бастап құрамында ет болмайтын тағамдарды жасауды қолға алатынын мәлімдеді.
"Nestle" бургері. ©onegreenplanet.org
Осы айдан бастап, азық-түлік өнімдерін жасап шығаратын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі "Nestle" де синтетик етті бургерлерді дәмхана мен дүкендерге тарата бастады. Осы айдан бастап Кәрі құрлықта "Incredible Burger", күзде АҚШ-та "Awesome Burgers" атты "Nestle-нің" вегетариандар үшін жасанды ет салынған бургерлері сатыла бастайды. Жаңа өнімнің сатылу көлемі 2-3 жылда 1 миллиард долларға жететіні айтылып жатыр.
Бұған дейін АҚШ тарихындағы алғашқы фастфуд ресторандар тармағы – "White Castle" 2018 жылы қыркүйек айында елдің 13 штатындағы дәмханаларында міне, осындай жасанды еттен дайындалған котлетті тағамдарын сатуға қойған болатын.
Миллиардер Билл Гейтс 2013 жылы дәл осы жолда зерттеулер жүргізетін "Beyond Meat" стартапына миллиондап инвестиция салған.
"Басқалар сияқты мен де өзімді ақымақ деп санамаймын. Бірақ маған құс етінен жасалған тағамды жеп көріп, ол "табиғи ет пе, жасанды ма айыра аласыз ба?" деп сұраған кезінде өзімде сондай адам ретінде сезіндім. Еттің сырт көрінісі құс етінен аумайды. Тістеп көріп едім, оның дәмі де жұмсақтығы да табиғи еттен айнымайды екен. Бірақ "тағамда 1 грамм да құс еті жоқ" дегенде қатты таңғалдым. Ет толықтай өсімдіктерден дайындалған екен. Мен әлі де оларды айыра алмаймын", – дейді миллиардер.
Сол жағындағы бургер жасанды еттен дайындалған да, оң жақтағы бургер табиғи еттен дайындалған. ©Брайан Кули / CNET
Құрамы, бағасы және денсаулыққа әсері ше?
Жасанды ет негізінен бұршақтан дайындалады. Оған түрлі ингредиенттер, мысалы, су өсімдігі, ашытқы тағы басқалар қосылады. Жасанды еттен тіпті котлет пісіріп жатқан кезде табиғи еттен қан аққаны сияқты жасанды қан ағады.
Тойымдылығы жағынан жасанды ет табиғи етпен бірдей. "Burger King"-тің табиғи еті салынған воппері 660 калория болса, "Impossible Whopper" 630 калория. Мұның себебі, балама еттің табиғи етке дәмі, көрінісі жағынан максимал дәрежеде ұқсауы үшін оған сонша ақуыздар мен майлар қосылған. Яғни балама еттердің барлық түрі арықтау үшін көмектесе алмайды.
Жаңа фастфудтың бағасы бұрынғысымен бірдей десе де болады. "The Good Food" ұйымының талдауларына қарағанда 2018 жылы АҚШ-та өсімдіктен дайындалатын етке деген сұраныс артып, ет сатылымы 760 миллион долларға өскен.
Бұл көрсеткіш осы жылдан бастап көтерілуі де мүмкін. Себебі 1 сәуірден бастап "Burger King" Миссури штатындағы 59 дәмханасына синтетик етті бургерлерді сынақ ретінде сатуға қойды. Сынақ мерзімі біткеннен кейін осы жылдың соңына дейін аталмыш брендтің АҚШ-тағы барлық – 7100 ресторанында өсімдіктен дайындалған котлетті вопперлер сатуға қойылады.
Т. Раушанұлы