БҰҰ ғаламшарымыздағы халық санын жариялады

БҰҰ ғаламшарымыздағы халық санын жариялады
Фото: cellcode.us

Жер шарындағы халық саны 2018 жылғы статистика бойынша – 7,7 млрд. 2050 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 9,7 млрд-қа жетеді. Бұл туралы БҰҰ-ның Нью-Йоркдағы бас штап-пәтеріндегі өткен "Халық және даму" комиссиясының 52-сессиясында айтылды.

Ал осы ғасырдың соңында Жер бетіндегі адамдар саны шамамен 11 млрд-қа жетеді екен.

БҰҰ бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мохаммед соңғы 20 жылда кедейшілікте өмір сүретін адамдардың саны азайғанын, аналар өлімінің деңгейі 40% -ға төмендегенін және өмір сүру ұзақтығы айтарлықтай өскенін атап өтті.

"1994 жылдан 2019 жылға дейін 5 жасқа дейінгі сәбилер өлімінің өсімі 54 пайызға қысқарған. Әлемдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 1994 жылы 64,9 жас болса, 2019 жылы ол 72,3 жасқа дейін артқан" делінген БҰҰ баяндамасында.

Амина Мохаммедтің айтуынша, қазіргі демографиялық үрдістер – халықтың қарқынды өсуі мен дамуы, егде жастағы адамдардың үлесі мен урбанизация – экологиялық, экономикалық және әлеуметтік проблемаларға алып келді, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктер ашты.

Баяндамада халық санының өсуі мен экономикалық өсу өндіріс пен тұтынудың өсуіне алып келгені, бұл бізді қоршаған табиғатқа, экожүйеге қатты әсер етіп жатқандығы айтылған.

Халық санының өсуі – адамдардың қартаюы, туу көрсеткішінің бәсеңдеуі және урбанизациямен бірге жүріп жатқан үдеріс. Қазір әлемдегі орташа туу көрсеткіші бір анаға 2,5 баладан келеді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш төмендеп бір анаға 2,4 балаға дейін азаяды.

2019 халық санағы. Мемлекет біз туралы не білгісі келеді?

Ғаламшарымыздағы адамдар қартайып бара жатыр. Мысалы, 65 жас және одан үлкен жастағылар Еуропада жалпы халық санынын 19 пайызын, Солтүстік Америкада 16 пайызын құрайды. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіштер де өз кезегінде 28 және 23 пайызға дейін өседі.

БҰҰ баяндамасында әлем халқының 56 пайызы қалада өмір сүретіндігі айтылған. Болашақта халық санының өсуі қаланың да өсуіне алып келеді. 2030 жылға қарай әлем халқының 60 пайызы, 2050 жылда 68 пайызы қалада тұрады.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Қазақстанда кезекті халық санағы өтетінін, оған бюджеттен 8,8 млрд теңге бөлінбек екенін жазған едік.

Т. Раушанұлы