Батыс Жаңа жылын тойлап болды. Бұл мерекенің жаһанданып кеткені сонша – оны діні, ұлты әртүрлі әлемнің барша халығы атап өтеді. Бірақ Шығыстың да өз жаңа жылдары бар және олар біреу емес. 22 наурыз күні түркі жұрты мен Таяу Шығыс жаңа жыл – наурыз мейрамын атап өтсе, шығыс азиялықтар қаңтар мен ақпан аралығында Қытай жаңа жылын атап өтеді. Олар мұны – «Көктем мерекесі» деп атайды. Тұрмыста бұл мерекені «Нянь» деп атайды. «Нянь» қытай тілінен аударғанда «жыл» деген мағынаны береді.
Бағзыдан Қытай елінде Жаңа жыл мерекесі ең ұзақ әрі басты мереке болып есептеледі. Қытай Жаңа жылын тек Қытай мемлекетінің аумағында ғана емес, сондай-ақ, Гонконг, Макао, Тайвань, Рождество Аралы, Бруней, Индонезия және т.б. өңірлерде тойланады. Мерекені атап өту екі аптаға дейін созылады, кейін Шам мерекесімен аяқталады.
Биыл Ветнам мемлекетінің астанасы Ханой қаласынан онша алыс емес Куан Пу Кау ауылы бұл меркеге әдеттегідей ерекше дайындалып жатыр. Жергілікті халық бұл ауылды «шам ауылы» деп атайды. Себебі жылда ауыл тұрғындары бамбук ағаштарынан шам дайындайды. Шамдар мереке кезінде сатылады екен. Осы шамдарды халық өткен ата-бабалар рухына арнап жағады.
Мысалы, суреттегі ветнамдық отбасы шам таяқшаларын дайындаумен 100 жылдан бері айналысады. Бамбук арнайы станокта жіңішке таяқша етіп кесіледі. Кейін әйелдер қауымы жүзіне бетперде киіп, таяқшаларды бояп шығады. Осыдан соң боялған таяқшалрды арнайы орында құрғатады.
Міне осы құрғату барысы жоғарыдан немесе сыртынан қарағанда өте әдемі көрінеді. Суреттегі гүл бейнесіндегі таяқшалар әдейі осы пішінде құрғату үшін жиналған. Кейін оны буып-түйіп, сыйлыққа беретіндей етіп ленталармен байлап шығады. Ал ленталар сары түсте болуы міндеттелген.
Ветнамдық әйел Хоаның айтуынша, оның жанұясы осы жұмыстан айына 430 доллар табады екен. Елдегі орташа жалақы 195 доллар болғанын ескерсек, бұл сумма онша аз ақша емес.
«Жұмысыңыз ауыр, соған сай ақы алып жатқан жоқсыз деуіңіз мүмкін. Бірақ осы ақша екі ұлымды оқытуға жетеді», – дейді Хоа.
Қытай жаңа жылы әдетте 21 қаңтар мен 21 ақпан аралығында аталып өтіледі. Астраномдар әр жылы мереке күнін айтады. Биыл ол 5-ақпанға тура келіпті. 1911 жылы бұл мереке ресми түрде «Көктем меркесі» деп бекітілді. Мереке отшашулармен басталып, отшашулармен аяқталады. «Көктем меркесі» ең ұзақ – 15 күн тойланатын мереке. Жаңа жылдың бірінші күні отбасы бір дастарханға жиналып, өмірден өткендерді еске алады. Шығыс халқы да өз Жаңа жылдырында дастарханды молынан етіп жаяды.
Аңыздарға қарағанда, Жаңа жыл кезінде «Нен» атты құбыжық елді кезіп жүреді екен. Жергілікті халықтың түсінігінше, құбыжық балаларды жеуге келеді екен. Сол себепті адамдар сырттағы тамақты жеп, балаларға тиіспесін деген мақсатта табалдырық сыртына әртүрлі тағамдарды қоюды дәстүрге айналдырған.
Тағы бір аңызда айтылуынша, «Нен» бір рет қызыл киімдегі баладан қорқып қашып кетіпті. Сондықтан жергілікті халық мереке кезінде қызыл киім киеді. Әр жылы ақпандағы отшашуларды көруге әлемнің әр бұрышынан туристер ағылып келеді.