Бүгін қандай күн?

Бүгін қандай күн?
Фото: google.kz

Бүгін – Халықаралық мигрант күні.

1990 жылдың 18 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы еңбектегі мигранттар мен олардың отбасыларының құқықтарын қорғау жөнінде конвенция қабылдайды. Ал 2000 жылдың 4 желтоқсанында жыл сайын 18 желтоқсанда атап өтілетін Халықаралық мигрант күнін белгіледі. Бұл күннің енгізілуіне себеп болған жағдай – жыл өткен сайын әлем бойынша мигранттар санының өсіп келе жатқандығы.

Ассамблея мигранттардың құқықтарының орындалуын қадағалауға арналған шараларды жағастырып келеді. Және осы күні олардың құқықтарын түсіндіретін, оларға назар аударуға шақыратын әртүрлі акциялар, семинарлар өткізіледі.

Статистикалық мәліметтерге сенсек, біздің планетамыздағы әрбір отыз бесінші адам мигрант саналады. Олар өз елінен жат жерде өмір сүріп жүр.

Бүгін – Араб тілі күні.

Күн 2010 жылдан бері атап өтіледі. Ана тілінің халықаралық күнінің қарсаңында Біріккен Ұлттар Ұйымының тілдер департаменті ұйымның ресми тіліне айналған алты тілге де арнайы мереке белгілеуді ойластырған болатын. Бұл бастама халықаралық диалог пен көптілді әлемнің дамуына жол ашады деп болжалынған.

Араб тілінің күніне 18 желтоқсанның таңдалуы да бекер емес, 1973 жылдың осы күнінде Біріккен Ұлттар Ұйымы араб тілін ресми және жұмыс тілдерінің қатарына енгізген болатын. Бүгінде араб тілінде сөйлейтіндердің қатары 452 миллион адамнан асып отыр. Нақтырақ айтсақ, араб тілі 240 миллионның ана тілі болса, 50 миллион адам екінші тіл ретінде қолданады. Жүздеген жылдар арасында араб тілі көп өзгеріске ұшырады, бұл әсіресе дауысты дыбыстарға қатысты. Бірақ, бұл өзгерістер жазбаларға әсер еткен жоқ, себебі дауысты дыбыстар көбіне жазылмайды.

Тунис, Морокко, Алжир секілді араб тілін ресми тіл деп танитын елдерде ғылыми-техникалық әдебиеттерді жазу үшін француз тілі де пайдаланылады. Басқа араб елдерінде ағылшын тілі қызмет етеді. Түркия жерінде 1729 жылы араб қаріптерімен жазылған кітаптың шыққандығы туралы да айта кетейік. Араб тілі Біріккен Ұлттар Ұйымының және басқа да бірнеше органдардың ресми тіліне айналған. Сондай-ақ, араб елдерінде және  Израиль, Чаде, Сомали, Джибути сынды мемлекеттерде де ресми тіл атағын алған.

Бұл күні ұйымның хатшылар алқасы адамдарды араб тілімен, араб мәдениетімен таныстыру үшін түрлі шаралар ұйымдастырады.

Бүгін – кеңестік және ресейлік актер және клоун Юрий Никулин Владимирұлыны дүниеге келген күні.

Өзінің ұзақ ғұмырында Юрий Никулин кино мен цирктің салмағын көтеріп, комедиялық рөлдер мен драмалық рөлдерді ойнауда аса шеберлік танытып, көрермен көңілінде ғұмырлық естелік болып қалып қойды.

Өнеріне шүбә келтірмеген жандар оның басқа қырын ашпақ болып, киноға шақырды. Өмірінің соңына дейін 40-тан аса кинофильмдерде комедиялық рөлдерді де, драмалық рөлдерді де ойнаған екен. Оның кинодағы алғашқы қадамы – «Гитаралы қыз» атты комедиялық кинофильм еді. Кино 1958 жылы түсірілген. Карьера жолындағы оның баспалдақ-ғұмыры ары қарай өрлей берді. 1961 жылы ғана ол нағыз киноактер болып қалыптасты. Никулин сол жылдары Леонид Гайдайдың «Барбос және ерекше кросс» кинофильмінде ойнады. Сонымен қатар, ары қарай ол «Ағаштар үлкен болғанда» деген кинокартинада да рөл сомдап, нағыз драмалық кейіпкерді ашып көрсете алды.

Юрий комедиялық рөлді драмалық рөлмен оңай алмастырып отырды. Екі түрлі образ оған ешқашан да кедергі жасаған емес. Ол 1965 жылы Леонид Гайдайдың «Ы» операциясы немесе Шуриктің басқа да оқиғалары» атты комедиялық кинофильмінде сәтті ойнап шықты. Қазір бұл картина көгілдір экранға шыға қалса, бүкіл жұртшылық сүйіп көретініне шүбәміз жоқ. 

 

Г. Берік