Әлемдік рекордтар кітабына кірген ақтөбелік оқушы Ақорда ауласында күй тартты

Бүгін - Халықаралық балаларды қорғау күні. Осыған орай Президент резиденциясы барлық облыстан келген 100 оқушыға есігін айқара ашты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақорданы аралаған оқушылар әсерін бөлісті. Батыс Қазақстан облысынан келген 6-сынып оқушысы Бейбарыс Бақтыбаев Президент кітапханасы ерекше ұнағанын жеткізді.

"Ақордаға бірінші рет келіп тұрмын, қатты ұнады. Өте үлкен, әдемі. Бүгін көп залды араладық. Ең ұнағаны - кітапхана, көп кітап бар", - деді Бейбарыс Бақтыбаев.

7-cынып оқушысы Кирилл Мукоедов Жетісу облысы Текелі қаласынан келген, ол - "Зерде" республикалық конкурсының жеңімпазы.

"Ақорда маған қатты ұнады. Ең ұнағаны - мәрмәр залы. Бұрын бұл туралы ойлап көрмеппін. Ақорданы көргеніме қуаныштымын", - деді ол.

Ал Ақтөбе қаласындағы "Ер Едіге" жыр мектебінің шәкірті Сұлтан Қарағұл Ақорда ауласында күй тартты.

"16-17 наурызда "Ер Едіге" жыр мектебімен әлемдік рекордтар кітабына кірдік. 36 бала кезек-кезек дастандар, пайғамбарлардың қиссасын орындадық. Еңбек пен нәтиженің арқасында Азия, Африка елдері арасында әлемдік рекордтар кітабына кірдік. Бүгін Ақордаға келіп тұрмын. Ақорда - бала кезгі арманымның бірі", - деді жас өрен.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз