Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев Үкімет отырысында астық жинау барысына қатысты бір аптаға арналған ауа райы болжамын таныстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Синоптиктердің болжамы бойынша қыркүйектің 23-інен 30-ына дейінгі аралықта еліміздің астық егетін аймақтарында ауа райы егін жинауға жайсыз болады.
"Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде осы кезең бойы жаңбыр жауады. Ақтөбе облысында 26-30 қыркүйек аралығында, Батыс Қазақстан облысында 25-29 қыркүйек аралығында, Қарағанды, Ұлытау облыстарында 27-30 қыркүйек аралығында жауын-шашын жауады", - деді ол.
Павлодар облысында қыркүйектің 23-25-і және 28-30-ы аралығында жаңбыр жауады. Еліміздің шығысында қыркүйектің 23-24-і, 29-30-ы жаңбыр жауады.
Жауын-шашын күндері қатты жел болады. 23-30 қыркүйек аралығында күндіз де, түнде де ауа температурасы біртіндеп төмендеп, түнгі уақытта қырау түсуі мүмкін. Қазанда еліміздің басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы қалыпты деңгейде болады. Ал батыста, оңтүстік-батыста және оңтүстік бөлікте әдеттегіден жылы болады.
"Еліміздің батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы жерлерінде бір ай бойы жиі жауын-шашын жаууы ықтимал", - деді Нұркен Шәрбиев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз