Алаяқтар көп қолданатын әдістер аталды

ІІМ өкілдері интернет алаяқтық жиілеп кеткенін ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, қаскөйлер адамдардың сеніміне кіріп, мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері болып танысу арқылы түрлі әдіспен алдайды.

Кең таралған алаяқтық схемалары қандай?

  • Байланыс операторы атынан хабарласу:

Алаяқтар қоңырау шалып, SIM картаның жарамдылық мерзімі аяқталуға жақын екенін айтып, SMS арқылы келген 4 таңбалы кодты айтуыңызды сұрайды. Осы арқылы олар сіздің жеке деректеріңізге қол жеткізіп, атыңызға несие рәсімдейді. Кейде өздерін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, алаяқтықтың алдын алу үшін деп қайта хабарласады.

Алайда мемлекеттік органдардың қызметкерлері мұндай мәселелерді телефон арқылы шешпейді, сізді тек жақын маңдағы бөлімшеге шақырады.

  • Банк қызметкері болып қоңырау шалу:

"Банктің қауіпсіздік қызметі" атынан қоңырау шалып, шотыңызда күмәнді операциялар жүргізіліп жатқанын айтады. Ақшаңызды "қорғау" үшін оларды резерв шотқа аударуды ұсынады және карта деректерін талап етеді.

Алайда ешқашан SMS кодтар мен банк картасының мәліметтерін айтпау қажет.

  • Интернеттегі жалған хабарландырулар:

Алаяқтар танымал платформаларда (Колёса, OLX, Instagram) төмен бағамен жалған тауар жарнамаларын жариялап, сізден алдын ала төлем жасауды сұрайды.

  • WhatsApp аккаунттарын бұзу:

Алаяқтар сіздің танысыңыздың аккаунтын бұзып, олардың атынан ақша сұрайды. Адамдар досы немесе туысы деп ойлап, алаяқтарға ақша аударады. Мұндай жағдайда әрқашан хабарласқан адамға жеке қоңырау шалып, ақпаратты нақтылап алыңыз.

Қалай қорғану қажет?

  • Жеке деректеріңіз бен банк карталарының суреттерін бөгде адамдарға бермеңіз;
  • Онлайн саудада алдын ала төлем жасауға келіспеңіз;
  • Белгісіз шоттарға немесе әмияндарға ақша аудармаңыз;
  • Тіпті танысыңыз сұраса да, күмәнді шоттарға ақша жібермес бұрын жеке байланысқа шығыңыз;
  • Алаяқтық белгілері байқалған сәтте бірден 102 нөміріне хабарласыңыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!