Желіде "Человек в маске" атымен танымал жігіт көмекке мұқтаж адамдарға өзін жария етпей қол ұшын созып жүр. Аноним жігітке қарапайым халықпен қоса кәсіпкерлер де жиі көмектесіп тұрады екен. Бастапқыда Орал тұрғындарына көмектесіп жүрген жігіт бүгінде қай өңірден көмек сұралса, сол өңірдің адамдарына көмектесуге тырысады. Massaget.kz тілшісі жақсылық жасап жүрген жұмбақ жігітпен сөйлесті.
Маска таққан жігіт бұған дейін жақсылықты неге жасырын істеп жүргенін түсіндірген болатын. Ол өзіне солай ыңғайлы екенін, аты-жөнін айтқысы келмейтінін айтқан еді.
"Себебі жақсылықтың аты мен түрі болмайды", - деді ол.
Оның сөзінше, бүгінде оған көмектесетін әр қалада еріктілер бар.
"Олар да ақпараттар жіберіп тұрады. Жалпы өзіміз де деректер қарап тұрамыз. Яғни әлеуметтік желіде, Instagram, TikTok-тардан қарап тұрамыз", - дейді ол.
Жұмбақ жігіт ең алдымен кімге көмектесетіндерін қалай шешетінін айтты.
"Ең алдымен ауыратын, науқас адамдарға көмектесеміз. Ең ауыр, қиын жағдайды таңдап, алдымен сол кісілерге барамыз", - дейді ол.
Оның сөзінше, оңтүстік аймақтардан көмек сұрап хабарласатындар көп.
"Негізі барлық аймақтан көмек сұрайтындар бар. Бірақ ең ауыр жағдайлар оңтүстікте. Шымкент, Алматыда, сол қалаларға қарасты ауылдарда", - дейді ол.
Оның сөзінше, көмек сұрап алаяқтар да хабарласатын кездер болады екен.
"Алаяқтарға алданып қалмау үшін бәрін тексеріп аламыз. Алаяқтар хабарласып, ұсталып қалған кездері болды. Мысалы үй сұрап хабарласады, бірақ артынан оның үйі бар болып шығады. Ажырасқандарына 1 жыл ғана болған адамдарға көп көмектесе бермейміз. Себебі әдейі ажырасып, үй алып қалуға тырысатындар болады. Кейде ата-аналар өз баласын әдейі балалар үйіне беретін жағдайлар болады. Балаларына "күте түр, 18 жасыңа дейін үкімет үй береді" дейді екен. Сондай жағдайлар кездеседі. Бәрін дұрыстап тексеріп аламыз".
Жұмбақ жігіт кез келген жағдай әсер етпей қоймайтынын айтады.
"Нақты бір мына отбасы маған қатты әсер етті деп бөліп-жарып айта алмаймын. Біз көмектескен әр отбасына қатысты оқиға әсер етеді", - дейді ол.
Сонымен қатар, ол ақша жинауға кімдер көмектесетінін айтады.
"Ақша жинауға қарапайым адамдар, демеушілер және өзіміз де қосыламыз. Өзіміз де кәсіппен айналысамыз. Барынша көмектесуге тырысамыз. Демеушілер көп, солардың да арқасы. Демеуші бізге көмек ретінде екі үй берген. Ол - құрылыс компаниясы. Оны жылдың соңына дейін береді. Тұрақты көмектесіп тұратын демеушілер бар".
Фото: instagram.com/chelovekvmaskee
Жұмбақ жігіт Желіде өзін жария етіп, жасаған жақсылығын көпке көрсетіп жүргендер туралы ойын айтты.
"Әлеуметтік желіде өзін көрсетіп, жария салып көмектесіп жататындарға қарсы емеспін. Бірақ өзіме олай істеген ұнамайды. Алайда ең бастысы - қалай да болса жақсылық жасау ғой", - дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін қара бетперде киген жұмбақ жігіт бес баласы бар мүгедек әкені тағы қуантып, көлік пен үй алып берген болатын. Бұл туралы жақсылық жасап жүрген жігіттің өзі айтты.
"Бүгін біз Алланың қалауымен, өздеріңіздей жанашыр жандардың қолдауымен сол отбасыға жаңа көлік пен баспана сыйлаймыз", - дейді аноним жігіт.
Бес баланың әкесі Арман Шымкент қаласында тұрады. Кіші баласы туа бітті жүректің ауыр дертіне шалдыққан. Ал өзі осыдан бірнеше жыл бұрын көлік апатына ұшырап, аяқ-қолы сынған. Қазір екінші топтағы мүгедек. Тағдырдың қиындығына мойымаған Арман мүмкіндігі келгенше бала-шағасын асырап жүр. Жеңіл көлікті 6 мың теңгеге жалға алып, такси болып қызмет етеді. Өзі қаладағы бір бөлмелі пәтерді 50 мың теңгеге жалдап тұрады. Әйелі үйінде балаға қарайды.
"Сіздер келгеннен кейін Астанаға барып келдік. Баламның отасы шамамен тамыз айының ортасында жасалады. Сіздер барынша көмек беріп жатырсыздар, Алла разы болсын сіздерге. Осы балам жазылып кетсе болды, басқа ештеңе керек емес", - дейді Арман.
Осылайша, бетперде киген жігіт бес баланың әкесі Арман мен әйеліне жаңа көлік пен пәтердің кілтін табыстады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!