Әріптесіне күш көрсетпек болып, балағаттаған актер Асқар Жұмабек 10 тәулікке қамалды. Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі актердің полиция бөліміне жеткізілгенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
20 наурызда әлеуметтік желілерде Айнұр Нарзиеваның видеосы тараған еді. Онда ер адамның күш көрсетпек болып, балағаттағаны байқалады. Видеодағы ер адам Асқар Жұмабек екені айталды. Ал жәбірленуші оқиғадан қатты шошып қалғанын жазған.
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі актер 10 тәулікке қамалғанын мәлімдеді.
"Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбаға байланысты Медеу ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізді. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлға анықталып, құқықбұзушы полиция бөліміне жеткізілді. А.-ға қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды", - деді Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі өкілдері.
Тексеру барысында оның қоғамдық орында өзін агрессив ұстап, балағат сөздер айтып, қызға құрметсіздік танытқаны анықталды.
"Жиналған материалдар сотқа жолданып, сот шешімімен құқық бұзушыға 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Айта кету керек, қоғамдық тәртіпті бұзу, айналадағы адамдарға құрметсіздік көрсету және кез келген агрессия көріністері заң аясында тиісті құқықтық баға алады. Жаза бұлтартпастығы – Заң мен Тәртіптің басты қағидаты", - делінген хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз