Біздің өмірімізде ақшаның маңызы зор. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан қаржылық жағдайыңыз жайлы ойлау қалыпты нәрсе. Алайда әркез бірдеңе сатып алып жатқанда немесе тапсырыс бергенде картаңыздағы сома азайып қалады деген ой мазалап, денеңізден суық тер бұрқ етсе, бұл сіздің ақшаға деген құмарлығыңызды көрсетуі мүмкін. Massaget.kz ақшаға құмарлықтың 6 белгісін ұсынады.
1. Үнемі ақша жайлы айта бересіз
Кей адамдар кез келген әңгімені ақшаға алып келеді. Бұл адамның ақшаға құмар екенін көрсетуі мүмкін. Қаржы жайлы қаншалықты жиі айтатыныңызды ойланып көріңіз. Мысалы, құрбыларыңызбен сөйлескенде жалақыңыздың басқалардан айырмашылығын айта бересіз. Немесе бонустар мен скидкалар жайлы айта беруіңіз мүмкін. Әр адамның қаржылық білімі болуы керек. Алайда кез келген әңгімеге ақшаны араластыру сіздің оған деген дұрыс емес қарым-қатынасыңызды көрсетуі мүмкін.
2. Ақшаны барлық проблемадан құтқаратын нәрсе ретінде қабылдайсыз
Қаржылық молшылық шынымен де өмірді жеңілдетеді. Осы айда пәтерге төлеу үшін немесе саяхатқа шығу үшін ақша жете ма деп уайымдамаған жақсы. Алайда ақша барлық проблемадан құтқарады деп ойлаудың қажеті жоқ. Кейде адам өзінің қандай да бір психологиялық проблемасын ақшаның көмегімен жабуға тырысады. Әдемі киім өзін-өзі бағалауыңызды жақсартады деп ойлауыңыз мүмкін. Немесе кафедегі шотты төлемесеңіз, жақсы дос болмаймын деп ойлайсыз. Қаржылық тәуелділікпен күресу үшін өз-өзіңізбен жұмыс істеуге тырысыңыз.
3. Өз қаржыңызды басқалардікімен салыстырасыз
Сіздің салаңызда жұмыс істейтін мамандар қанша жалақы алатынын білгіңіз келу қалыпты нәрсе. Бұл сіздің қаншалықты жақсы жұмысқа тұрғаныңызды және қаржылық жағдайыңызды жақсарту үшін не істеу керегін түсінуге көмектеседі. Алайда кірісіңізді үнемі басқалардікімен салыстыра беру және соның салдарынан мазасыздану проблеманы білдіреді.
Басқалардың табысына емес, жеке өзіңіздің прогреске мән беріңіз. Соңғы бірнеше жылда қаржылық жағдайыңыз қалай өзгергеніне анализ жасаңыз. Егер ешқандай өзгеріс байқамасаңыз, ол немен байланысты екенін ойланыңыз. Кәсіби дағдыңызды жақсартатын ештеңе істемедіңіз немесе еңбегіңізді бағаламайтын жұмыста отырып қалдыңыз.
4. Ақша табамын деп денсаулығыңызды құртасыз
Көпшілік адам қанағатсыз болып келеді. Бұл әсіресе өмірдің қаржылық саласына қатысты. Кей адамдар ақшаның артынан "жүгіремін" деп өзінің физикалық және эмоционалдық денсаулығын құрбан етеді. Нәтижесінде, кіріс деңгейі артады, бірақ одан ләззат алуға күш те, уақыт та қалмайды.
Адамға демалыс керек екенін ұмытпаңыз. Егер үнемі ақша үшін ұйқыңызды, денсаулығыңызды, қарым-қатынасыңызды қисаңыз, бұл жайлы жақсылап ойлану керек.
5. Жақындарыңызға сараң адамсыз
Әрине, ақшаны қалай-солай шашуға болмайды. Алайда жақындарыңызға сараң болу да адамгершілік қасиетке жатпайды. Арасында жақындарыңызға себепсіз сыйлық беріп қуантуды, мұқтаж адамдарға қайырымдылық жасауды ұмытпаңыз. Ақша өзара құрмет пен шынайы достықтың орнын жаба алмайды.
6. Нақты мақсатсыз ақша жинай бересіз
Мақсатсыз ақша жинай беру әдеті де ақшаға құмарлықтың белгісі болуы мүмкін. Яғни, сіз ақшаны өміріңізді жақсарту немесе проблемаларды шешу үшін қолданбайсыз, сізге жай ғана оның болуы маңызды. Сол үшін де әр нәрседен үнемдейсіз, бірақ ақшаны не нәрсеге жинап жатырғаныңызды білмейсіз және оны жұмсағыңыз келмейді.
Оқи отырыңыз: Қыздар, сақ болыңдар! Сараң жігіттің бес белгісі