АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі мен Консулдығы қазақстандықтар үшін маңызды хабарлама жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ескерту иммиграциялық емес визаларға өтініш берушілерге қатысты. 2025 жылдың 2 мамырынан бастап, виза алу үшін сұхбатқа жазылу уақыты белгіленген күннен үш жұмыс күні бұрын, сағат 17:00-де жабылады. Бұл DS-160 формасы толықтай толтырылып, сұхбаттан кемінде үш жұмыс күні бұрын, сағат 17:00-ге дейін жіберілуі тиіс дегенді білдіреді. Өзгерістер Астана мен Алматыдағы консулдық бөлімдерде өтетін барлық визалық сұхбаттарға қатысты.
Мысалы: егер сіздің сұхбатыңыз 2 мамырға жоспарланған болса, DS-160 формасын 28 сәуір сағат 17:00-ге дейін толтырып, жіберуіңіз қажет.
Қандай талаптарды сақтау қажет
АҚШ Елшілігі келесі талаптардың бұзылуы сұхбаттың жойылуына және өтініш берушінің "келмеген" (no show) ретінде белгіленуіне әкелетінін ескертті:
- DS-160 формасының штрих-код нөмірі (AA00 деп басталады) сұхбатқа жазылу жүйесіне енгізілген нөмірмен сәйкес келуі керек. Жиі кездесетін қате – "0" санын "O" әрпімен шатастыру.
- DS-160 формасында көрсетілген қала сұхбат өтетін қалаға сәйкес болуы қажет. Мысалы, егер формада Алматы көрсетілсе, ал сұхбат Астанада жоспарланған болса – дұрыс қала көрсетілген жаңа форма толтыру қажет.
- Алдыңғы сұхбатқа келмеген жағдайда – жаңа DS-160 формасын толтырып, жаңа штрих-код нөмірін жүйеде жаңарту қажет.
- Форма уақытында толық толтырылып, жіберілуі тиіс. Құжаттарды соңғы сәтте жіберу жиі кездесетін жағдай, алайда енді бұл сұхбаттың жойылуына себеп болуы мүмкін.
Елшілік егер виза рәсімдеу визалық агент немесе үшінші тұлға арқылы жүргізілсе де өтініш берушілерге деректердің дұрыстығына өздері жауапты екенін ескертті.
"Егер сіз визалық сұхбатты агент немесе үшінші тарап арқылы тағайындасаңыз, DS-160 формасының талаптарға сай екеніне көз жеткізу үшін сол агентпен байланыс орнатуға өзіңіз жауаптысыз", – делінген хабарламада.
DS-160 формасындағы деректерді қалай тексеріп, жаңартуға болады:
- https://ceac.state.gov/genniv/ сілтемесі арқылы форманы тексеріп немесе жаңасын толтырыңыз;
- Штрих-код нөмірін жаңарту үшін https://ais.usvisa-info.com/en-kz/niv сайтына кіріп, "Өтініш берушінің деректері" бетінде "дөңгелек" белгішесін басып, "Өзгерту" белгісін таңдаңыз. Жаңа штрих-код нөмірін енгізіп, өзгерістерді сақтаңыз.
Елшілік DS-160 формасын толтыруды кейінге қалдырмауға кеңес береді – бұл кешігулер мен сұхбат күнін қайта белгілеу қажеттігінен сақтайды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет