- Негізгі бет
- LifeStyle
- “Ақпарат біржақты тарады“....
“Ақпарат біржақты тарады“. Тоқтар Серіков “әнімді ұрлады“ деген сазгер туралы айтты
Танымал әнші Тоқтар Серіков кезінде өзін сотқа бермек болған сазгер әйелмен болған оқиғасы туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әншінің айтуынша, бірнеше жыл бұрын жерлес қарындасы "әнімді ұрлады" деп телеарналарды шулатқан екен. Тоқтар Серіков бұл туралы "Әйгерім Сейфолланың сырласуы" бағдарламасында айтып берді.
"Осыдан бірнеше жыл бұрын анам дүниеден қайтқаннан кейін ішімде үлкен сағыныш болды. Бұл негізі әкем қайтқаннан кейін жүрегімде жиналып жүрген сағыныш еді. Анамның артынан арқасүйер ағаларымыз қайтып кетті. Соның бәрі санама жинала берді. Ауылға келе жатқанда әке болмаса, шешеге келе жатқаныңды білетін едік. Қазір енді жасыратыны жоқ, "Ауылға келе жатырмын" деген желеумен келесің. Ауылдағы ағайындарымды бөлмеймін. Олар да әке-шешеміз сияқты сыйлап, құрметтейді. Бірақ біз қатты сағынып келген адамдардың жоқтығы жанға батады. Солардың құрметіне жазылған "Ауылға барамын" деген әнім шықты. Сөзін де, әнін де өзім жазғанмын. Бір қызығы, өзімнің жерлес Арайлым деген қарындасымның әніне ұқсап кетіпті", - деді ол.
Алайда Тоқтар Серіков ол сазгерді ешқашан көрмегенін, әнін де тыңдамағанын, танымайтынын алға тартады. Өзін ұрлықшы сезініп, біртүрлі болып қалғанын да жасырмады.
"Ол қарындасымды бұрын-сонды тыңдамағанмын, көрмегенмін. Оның әнін білмеймін де. Бірақ бір жерден, бір елден болғаннан кейін болар, ән соншалықты қатты ұқсас деп те айта алмаймын, бірақ ұқсас жерлері бар. Содан қарындасымды жанындағы кісілер күйттеген бе, ерте қимылдап, телеарналардан қатты жарнамалап жіберді. Сол жаныма батты. Жердегі затты алып, "менікі" деп, қалтама салып көрмеген адаммын. Әлемдегі ең бірінші жек көретін нәрсем - ұрлық. "Ұрлықшы" атанғаныма жүрегім ауырды. Ақпарат біржақты тарады, содан өкпем қара қазандай болып қалды", - деп сырын ақтарды әнші.
Біреудің әнін ұрламағанына сенімді болса да, кішірейіп, кейін бұл әнді орындамай кеткенін айтты әнші.
"Басымды кішірейтіп, қарындасымның алдына бардым. Сөйлестік, мәселе шешілді. Себебі соттасу процесі ұзаққа баратын еді. Біріншіден, оны қыз баласы ретінде сыйладым. Екіншіден, оны аяулы ана деп есептедім. Үшіншіден, ол да мен туған ауылдың ауасын жұтқан, табанын жерге тіреген жерлесім ғой. Ертең "Тоқтар аға дардай басымен қарындасына сөйтеді ме екен?" деп айтпасын деп, қарындасыма аттан түсіп, жол бердім. "Сен айта ғой, сенің әнің болсын. Мен бұл әнді айтуды тоқтатамын" дедім. Алла куә, сол сәттен бастап бұл әнді айтқан емеспін", - деді ол.
Еске салайық, Тоқтар Серіков осы сұхбатында төрт ұлына үйір-үйір жылқы әпергенін айтқан болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева