“Әкесі телефонын тартып алған соң тамырын кескен“. Балалар арасында қауіпті дерт асқынған

Алматының психологтары ақыл-естің дамуын тежейтін, балалардың сөйлеу және ойлау қабілетін шектейтін номофобия, гаджетоманияға шалдығу жиілегеніне алаңдап отыр. Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының балалар бөлімінің меңгерушісі Ольга Александрова ата-аналарға баланың бос уақытын бақылап, телефонға тәуелділік дерті асқынуына жол бермеуге шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

"Ұялы телефонсыз қалудан қорқу"

Номофобия ағылшын тілінен аударғанда "ұялы телефонсыз, ғаламторсыз немесе байланыссыз қалудан қорқу немесе үрей құшағында болу" деген мағынаны білдіреді. Бұл кеселдің ең көп тараған белгілерінің бірі - жеткіншектер телефонына хабарлама келмесе де, мазасы қашып, нәр татпауы, оқшауланып, ешкіммен сөйлеспеуі, құрдастарымен бетпе-бет жүздесіп әңгімелеспеуі.

Мамандар балалардың ғаламторды тұтыну уақытын реттеу, яғни интернетті пайдалану мәдениетін қалыптастыру қажет екенін ескертті. Өйткені номофобияға шалдыққан жасөспірімдер арасында әлеуметтік желіде көбірек қаралым, лайк жинау үшін денесін жарақаттау, өз-өзіне қол салу оқиғалары кездеседі.

"Әкесі телефонын тартып алған соң тамырын кескен"

Ведомство мәліметінше, Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының балалар бөліміне осындай себеппен жүгінетіндер кездеседі.

"14 жастағы Дамира (жасөспірімнің есімі өзгертілген) сұхбат беретін бөлмеге аяғын сүйретіп әрең келді. Шашы ұйпа-тұйпа, өңі аппақ қағаздай. Өмірден түңілген адам сияқты, ешнәрсеге зауқы жоқ екені аңғарылып тұр. Оны орталыққа жедел жәрдем көлігі жеткізіпті. Әкесі телефонын тартып алғаннан кейін қыз бала білек тамырын кескен", - деп жазылған басқара мәліметінде.

depositphotos.com

Жасөспірімнің өзі мән-жайды айтқан.

"Телефонға күніне 13-14 сағат телмірдім. Бір апта бойы үйден шықпайтын кездерім көп. TikTok қараймын, достарыммен хабарлама жазысамын. Кейде интернеттен көрген видеолар есімде қалмайды. Телефоннан басқа ешнәрсе керек емес. Тамақ та ішпеймін. Содан әкем телефонымды тартып алды. Мен үшін тіршілік тоқтап қалды. Достарыммен байланыс үзілді. Өмір қызық емес, сүреңсіз күндер басталды. Тәбетім жоғалды. Әкем мен әпкемнің менімен сөйлесуге уақыты жоқ. Әкем телефонымды бірнеше күн бермеді. Білегімді кескілеп тастадым. Мені осында әкелді. Маған психиатр "суицид жасауға бейім" деген диагноз қойды. Қазір телефонсыз өмір сүруді, сөйлесуді үйрендім", - дейді жасөспірім.

Гаджетоманияның қаупі қандай?

Номофобия секілді гаджетомания да балаларды шырмауықтай шырмап алатын цифрлы дәуірдің дерті. Психиатрлардың айтуынша, телефон, компьютер, ноутбук немесе планшетке тәуелді бала шынайы өмір мен виртуалды әлемді шатастырып, экранның арғы жағындағы жетістікке қуанып, өмірін сол ойын, әлеуметтік желілерсіз елестете алмайтын күйге түседі.

Мамандар балаларға гаджет пайдалануға мүлдем тыйым салуға кеңес бермейді. Тек интернетті саналы түрде пайдалану мәдениетін қалыптастыруға шақырады. 

"Жақында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен съезде болдық. Олар зерттеу жүргізіп, "балалардың басым бөлігі телефонда отырады" деген тұжырымға келді. Бұл түйткіл Ресейде ғана емес, біздің елімізде де бар. Әр бірінші бала телефонға телміреді. Телефоннан басқа түк көрмейді. Далаға шықпайды. Бетпе-бет ешкіммен сөйлеспейді. Бұдан кейін оларға далаға шығу немесе ортамен байланыс орнату қорқынышты көрінеді. Содан кейін "телефонда маңызды хабарламаны жіберіп аламын" деген мазасыздық пайда болады. Кейбір балалар көліктер жүйіткіген көшеде де телефоннан көз алмай өтеді. Себебі айналасындағы қауіп-қатерді ойламайды. Интернеттегі түрлі сайттар, әлеуметтік желідегі ақпараттардың қайсы пайдалы, қайсы заңсыз екенін де ажырата алмайды. Лаңкестікті үгіттейтін, есірткі сатумен айналысатын Telegram арналардан сақтануды білмейді", - деді Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының балалар бөлімінің меңгерушісі Ольга Александрова.

Ольга Александрова ата-аналарға балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға кеңес берді. Маман бала жаздай гаджетте отырмауы үшін қаладағы түрлі үйірмелерге тіркеп, демалыс күндері бірге спортпен шұғылдану, баламен көбірек сөйлесу маңызды екенін ескертті.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!