- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Әкем де, өзім...
"Әкем де, өзім де қарсы болдым". Әмеңгерлікпен қайын ағасына тұрмысқа шыққан түркістандық әйел оқиғасын айтты
Қазақта әмеңгерлік деген салт бары белгілі. Бұл - күйеуі қайтыс болған жағдайда артында қалған әйелінің қайын ағасына немесе қайын інісіне тұрмысқа шығуы. Оның астарында ұрпақ өзге елде бөтенсімесін, бөтен елде өспесін деген терең түсінік те жатыр. Бұл мәселе рулас туыстар арасында, әулет ішінде талқыланып шешілген. Қазақ тарихында әмеңгерлік салты болғанын дәлелдейтін дерек, дәйек көп-ақ.
Қазіргі заманда бұл салт өшіп кеткендей көрінеді. Алайда жуырда TikTok-та Сандуғаш Садық есімді әлеуметтік желі қолданушысының видеолары тарап, 2 миллионға жуық қаралым жинады. Ол видеода 2016 жылы қайын ағасына әмеңгерлікпен қосылғанын, қазір бес баласы бар екенін айтады. Massaget.kz тілшісі Сандуғаш Садықпен сұхбаттасып, неге мұндай шешім қабылдағанын, әмеңгерлікке деген көзқарасы қандай екенін сұрады.
Әлеуметтік желі
Сандуғаш Садықтың сөзінше, өзі 1994 жылы, ал жұбайы Жеңіс Сейдеханов 1986 жыл дүниеге келген.
"Менің туып-өскен жерім - Сайрам ауданы, жолдасым Қазығұрт ауданында туған. Қазір Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында тұрамыз. 5 бала-шағамыз бар, 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырмыз", - дейді ол өздері туралы.
Түркістан облысының тумасы бірінші некесі туралы да айтты.
"2012 жылы қазанда тұрмысқа шықтым. Тату-тәтті отбасы едік. 2016 жылы ол кісі жол апатынан көз жұмды", - дейді Сандуғаш.
Сандуғаштың айтуынша, бұл кезде 22 жаста болған. Қолында 1 қыз, 1 ұлы қалған. Ол әмеңгерлікке қазіргі жолдасы себеп болғанын жеткізді.
"Қазіргі жолдасыммен қосылуға себеп болған - өзі. Енем де "балаларды не істейміз, үйге әкеліп тұрамыз ғой, иә" деп баласына айтыпты. Содан кейін шешімді өзі қабылдап, ұсыныс тастады. Негізі әкем қарсы болған, "жоқ, керек емес, болмайды" деп, кейін анам көндірді. "Балалар өз әулетінде өсіп-өнгені дұрыс" деп ақыл айта берген соң да нақты шешім қабылдап, ұсынысына келістім", - дейді Түркістан облысының тұрғыны.
Ол басында кедергілер, қарсылықтар болғанын да жасырмады.
"Әкем қарсы болды, өзім де қарсы болдым. "Қалай ол сонда? Қойшы, ешқашан тұрмыс құрмаймын" деп, рұқсат бермей жүрдім. Ал анам құптады, мені көндірген - өзімнің анам. Жұбайым бұл ұсынысты бәрімізге айтты, ең бәрінші әкеме айтыпты, кейін мен аналарымнан естідім", - дейді Сандуғаш сол кезді еске алып.
Әлеуметтік желіде Сандуғаштың видеосына қатысты түрлі пікірлер жазылған. Желі қолданушыларының бір бөлігі оның бұл шешімі өзі үшін де, балалары үшін де ең дұрыс шешім болғанын айтып, қолдаса, енді бір топ таңғалғанын жасыра алмаған.
"Қазақ осындай дәстүрдің арқасында жетім-жесірін жылатпаған", "Ыңғайсыз емес пе", "Үйленбей-ақ көмектессе болмай ма?", "Жарайсыздар, есесіне ол балаларды ренжітпейді", "Өте дұрыс шешім, өзінің қанын жібермеген қайын ағаңнан айналайын! Бақытты болыңдар!", "Әмеңгерлік деген қазақтарда болған байырғы кезде. Білмесеңдер әртүрлі нәрсе жазбаңдар. Ең бастысы бақытты болыңыздар", - деп жазған TikTok қолданушылары.
Сандуғаш мұндай пікірлер көп жазылатынын, алайда әркімнің өз пікірі барын айтады.
"Жер бетінде қанша адам болса, сонша ой болады. Әрине, әркімнің өз пікірі бар, әркімнің өз ойы бар. Сол себепті ешкімге ренжімеймін. Әркім өзінің ойын айтуға құқылы. Өмірді көрген жандар бізді түсінеді деп ойлаймын. Қатты артық кетіп жатқандарға Алла бастарыңызға салмасын деймін", - дейді ол.
Өйткені, Сандуғаштың сөзінше, өзге түгіл өзі де басында бұл жайтты қабылдай алмаған. Ал уақыт өте келе бұл салттың дұрыс екеніне көзі жетіпті. Оған себебі де жоқ емес.
"Менің көзқарасым ең басында дұрыс болмаған, қазір басымнан өткен соң көзқарасым оң. Қазір өзіміз неше оқиғаның куәсі болып жатырмыз ғой, "зорлапты, өлтіріпті" дегендерді естіп те, көріп те жатырмыз, ең басты қорыққаным осы. Өгей әке бәрібір өгейлігін жасайды деп ойлаймын. Ал қазіргі жұбайым өз бауырлары болған соң туғанындай қарайды. Қаншама пікірлерде "тұрмыс құрмай, балдарды өзің асырауға болатын еді" деп жазыпты. Иә, асырауға да шамам жетер еді, бірақ мен елдің сөзінен, көзінен қорықтым. Күйеуің жоқ болса, сенің артыңнан бәрі арам ойлайды, ол жағдай басымнан өтті. Сол себепті балаларымды да, өзімді де ойлап тұрмысқа шықтым. Қазір енем ылғи "менен бақытты адам жоқ, немерелерім көз алдымда, 5 бала бір үйдің балдарындай" деп отырады", - дейді ол.
Әлеуметтік желі
Қазір бақытты отбасы бес бала тәрбиелеп отыр. Олар өз оқиғаларын әлеуметтік желіге салуда "хайп қуалау" немесе басқа мақсаттары болмағанын айтады. Сандуғаштың сөзінше, қазір жастар жағы әмеңгерлік деген салтты біле бермейді. Сондықтан жұбайынан жастай айырылғандар басқа біреуге тұрмысқа шығып, арты бүкіл ел қайғы жұтатындай жағдайларға ұласып жатыр.
"Бұл оқиғамызды әлеуметтік желіге салған себебіміз - қазір бұл салт-дәстүріміз ұмыт болып келе жатыр, келер ұрпақтарымыз білмейді де, ең үлкен себеп - осы. Қазір қаншама жастар жастайынан кетіп жатыр, ал жарлары жап-жас жесір қалып кетеді. Жас болған соң бөтен екінші біреуге тұрмысқа шығып алып, зорлықты да, қорлықты да көріп келе жатқандар қаншама? Сол себепті де осы салт-дәстүрімізді біліп жүрсінші деген ой болған іштей. Бірақ бұлай қаралым жинайды деп мүлде күтпедік", - деп түйіндеді әңгімесін ол.
Еске салайық, бұған дейін 85 жастағы қызылордалық кейуана сұхбат беріп, әмеңгерлік жолмен қайнағасына қосылғанын айтқан еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Жігіт түйе деген қандай дәстүр?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова