Танымал режиссер, продюсер Ақан Сатаев әлеуметтік желідегі парақшасында жеке өміріне қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жуырда Ақан Сатаевтың бұрынғы жұбайының сұхбаты жарияланды.
"Әрдайым жеке өмір жеке болып қалуы керек деп есептеймін. Алайда бұрынғы жұбайым Назира тарапынан күтпеген жария мәлімдемелерге байланысты алыпқашпа әңгімелерге, фактілер бұрмалануына, әсіресе, балаларыма қатысты қысымға жол бермеу үшін түсініктеме беру қажет деп санаймын. Біздің ажырасуымыздың себептері нақты бөлек шығудан және некенің ресми түрде бұзылуынан әлдеқайда бұрын қалыптасқан. Бұл себептер тек Назира екеуіміздің жеке келіспеушіліктеріміз бен қарым-қатынасымызға байланысты болды. Басқа кісілер ажырасуға себеп те, сылтау да болған жоқ. Біз бұл мәселені бірнеше рет талқылап, ортақ шешімге келдік. Әрине, бұл туралы балаларымызбен де сөйлестік. Ажырасуға дейін де, ажырасу процесінде де, одан кейін де Назира ажырасудың себебі ретінде басқа бір адамды, соның ішінде Альмираны атаған емес. Қазіргі мәлімдемелер мен үшін күтпеген жағдай болды және олар қоғамдық пікірді манипуляциялау әрекеті сияқты көрінеді. Оның үстіне, Назира бұл сұхбатында біздің қарым-қатынасымыздағы келіспеушіліктер 2016 жылдан басталғанын, яғни "Томирис" фильмі түсірілуінен әлдеқайда бұрын болғанын өзі де айтып отыр", - деді ол.
Оның сөзінше, бұрынғы жұбайына балаларымен бірге тұра беруді ұсынған, алайда ол бөлек тұрғысы келген.
"Мен Назираның таңдауы бойынша үш бөлмелі пәтер сатып алып, оны жеке меншігіне бердім, көлікті қалдырдым, сондай-ақ, қаржылай қолдау көрсетуді және өз міндеттемелерімді орындауды жалғыстырып келемін. Балалар менімен бірге тұруды қалады. Қазір олар менің жауапкершілігімде және қамқорлығымда", - деді Сатаев.
Ақан Сатаевтың айтуынша, ажырасқаннан кейін 4 жыл өткен соң актриса Альмира Тұрсынмен неке қиып, ресми түрде некесін тіркеген.
"Бұл шешім балаларымыз бен жақындарымыздың келісімі және батасымен қабылданды", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова