Ел арасында жаны қиналып жатқан адам өмірмен тезірек қоштасуы үшін ыдыс сындырып, "қидым" деу салты кездеседі. Massaget.kz тілшісі этнографиялық деректерге шолу жасап, этнографтармен сұхбаттасып, бұл салттың қайдан шыққанын, шариғат бойынша қаншалық дұрыс екенін анықтап көрді.
Қазақ дәстүрі: арыздасудан иман келтіруге дейін
Қазақта арыздасу дәстүрі бары белгілі. Оның мәнісі мынада: өмірден өтіп бара жатқан адам ағайын-туысымен, жақын жандарымен, балаларымен тілдесіп, қоштасады. Өмірде жасаған қателері үшін кешірім сұрайды. Артында қалғандарға өсиетін, арманын айтады. Ал науқастың жанында отырғандар "бақұл бол", "кештік", "жүздескенше" сынды сөздер айтатын болған. Арыздасу кейбір өңірлерде "бақұлдасу" деп те аталады.
Жаны шығып бара жатқан адам иман келтіреді. Яғни тілін кәлимаға келтіреді. Сейіт Кенжеахметұлының "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" атты еңбегіне сүйенсек, өмірмен қош айтысып бара жатқан адам тілін кәлимаға келтіруге шамасы жетпесе, жанында отырған адамдар айтуына болады. Ауыр науқастың жанында отыру қазақ дәстүрінде "күзету" деп те аталады. Әдетте ең жақын жандары немесе молдалар науқастың жанында отырып, ақырғы сәтін күтеді екен. Ұзақ уақыт қазақ тарихын зерттеген қытайлық ғалым, тарихшы Су Бихай "Қазақ мәдениетінің тарихы" атты еңбегінде адам қайтыс болар шақта қасына молда алғызып, дем салғызатыны айтылады. Кейін бетін құбыла тұсына (Меккедегі Қағбаны бағыт ету - еск.) қаратып, үйдің оң жағына жатқызған. Осылайша, сүйекті үйде үш немесе бір күн ұстаған.
Ал А.Жүнісовтің "Фәниден бақиға дейін" атты еңбегінде "имансу" деген ұғым да кездеседі. Дерекке сүйенсек, қазақ қатты науқастанып жатқан кезде оған бөтен адамдарды кіргізбеген. Тіпті күн қарайған кезде де ешкім науқастың көңілін сұрап келмеген. Ал кейде осындай сәтте ауырып жатқан адам тілге келіп, тамаққа зауқы соғуы мүмкін. Бұл кез "бой жазу" деп аталса, кейін науқасқа "атау кере" деген арнайы ас ішкізген. Сондай-ақ, молда демі үзілер сәтте де адамға "иманды болсын, иманы бірге барсын" деген ниетпен имансу ұрттатқан.
Этнографиялық деректерге шолу жасау барысында ыдыс сындыруға қатысты дәстүр жоғы байқалады.
ҚМДБ өкілі мен этнограф қандай пікірде?
Этнограф Болат Бопайұлы қазақта мұндай салт жоқ екенін айтады.
"Қиналып жатқан адамға дем, иман салып, қасында адамдар отырады. Қазақта ыдыс сындыруды жаман ырымға балайды. Жаны қысылып жатқанда, ыдыс сындырса, ауырлық әкеледі. Яғни өзі қиналып жатқан адамға одан әрі ауыртпалық түсіреді деп ырымдаған. Сондықтан өмірден қоштасқалы жатқан адамға иман үйіріп, қасында отырып, дем салып, таза ыдыстармен су-сусынын ішкізген", - дейді ол.
Бұл тақырыпқа қатысты ҚМДБ өкілі Ағабек Қонарбайұлы да пікір білдірді. Оның сөзінше, шариғатта мұндай нәрсе жоқ.
Қазақ қандай жағдайда ыдыс сындырған?
Этнограф Болат Бопайұлы қазақта ыдыс сындыруға байланысты қандай ырым-тыйым, салт-дәстүр қалыптасқанын түсіндірді.
"Үйдің берекесі, үйдің құты, үйдің жақсылығы - барлығы анаға, ыдыс-аяққа қатысты болады. Ыдыс-аяқты таза, ұқыпты, мәдениетті ұстайды. Ыдыс-аяқты сындыру жаман ырымға жатады. Ал енді оқыс шағылып қалса, үйге қонақ келе жатыр, үйге ырыс-жақсылық келе жатыр деп жориды", - дейді ол.
Этнографтың айтуынша, қазақ сынық ыдыспен тамақ ішуді құп көрмеген. Сондықтан мұндай ыдыстарды сындырып отырған. Болат Бопайұлы қазақ қандай жағдайда қазанды сындырғанын да айтты.
"Кетік ыдыспен тамақ ішпеген. Кетік ыдыспен тамақ ішсе, бір жақ шетін басып отырады немесе мұндай ыдыстарды сындырып, көміп тастаған, далаға ашық тастамаған. Ал әйелі өліп, үйіне әйел алса, бұрынғы қазанды басқа жаққа береді немесе сол қазанды сындырып, жерге көміп тастайтын да болған. "Қазан иесі - қатын" деген сөз бар ғой. Жаңа келген әйел бұрынғы әйелдің қазанын ұстамайтын болған. Сондай-ақ, наурыз келгенде, құда түскенде, мерекеде, жаңа қонақ шақырғанда, соғымбасын бергенде, үйдегі кетік ыдыстарды, ескі жыртылған киімдерді, көне бұйымдарды далаға көміп тастаған, өртеген", - дейді Болат Бопайұлы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз