- Негізгі бет
- LifeStyle
- Адамның айналасын шамадан...
Адамның айналасын шамадан тыс тазалай беруі ауруға жата ма?
Бәрін орын-орнына жинап, шаң сүртіп, үй жинау - адамдар үшін қалыпты нәрсе. Кейде үйді жинағысы келмеу де қалыпты. Алайда кей адамдардың тазалық сақтауы заттарды залалсыздандыруға айналады. Шамадан тыс тазалық сақтаудың астарында қандай проблема жатыр және одан қалай арылуға болады? Massaget.kz тілшісі ҚР ДСМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психосоматикалық бөлімше меңгерушісі, психиатр Айгүл Ағабекқызымен сөйлесті.
Шамадан тыс тазалық сақтайтын адамдар қандай болады?
Адам өзінің айналасын үнемі мінсіз тазалықта ұстағысы келуін обсессивті-компульсивті бұзылыс деп атайды. Көпшілік адам үшін мінсіз тазалық сақтау өмір салтына айналады. Кейде адамның тазалықты шамадан тыс сақтауы оның күнделікті өміріне кедергі келтіруі, еркіндігін шектеуі және айналасындағылармен қарым-қатынасын бұзуы мүмкін.
Кей адамдар бір киімді бірнеше рет қайтара жуады, үйді өте ұзақ уақыт бойы жинайды, қолын қайта-қайта және ұзақ жуады және т.б.
Тазалық сақтаудың жағымды тұстары көп: гигиена және тазалық сақтау денсаулықты сақтауға ықпал етеді. Алайда үнемі айналасын мінсіз таза ұстауға тырысқаннан адамның психикалық саулығы зардап шегуі мүмкін. Олар мінсіз тазалыққа жете алмаса, күйгелектенеді және мазасызданады. Ал ол шаршатады, депрессияға, кейде басқалардан оқшаулануға әкеледі. Жақындары ол қалағандай тазалық сақтамаса, олармен де қарым-қатынасы бұзылуы мүмкін.
Үнемі мазасызданып жүргендіктен, ол физикалық жағдайға да өз әсерін береді. Мысалы, ұйқы бұзылуы немесе энергия азаюы мүмкін.
Кей адамдар қоғамдық орындарға баруға, сапарлардан және адам көп жиналатын шаралардан бас тарта бастайды.
Бұл бұзылыспен қиналатын адамдарда ішкі жанжал туындауы мүмкін: бір жағынан, тазалық сақтауға тырысса, екінші жағынан, тазалық сақтауда артық кететінін түсінеді. Бұл ішкі жанжал оның эмоционалды жағдайын одан әрі нашарлатып жіберуі мүмкін.
depositphotos.com
Тазалық сақтау қай кезде қалыпты, ал қай кезде патология?
Адамдарға тазалықта және тәртіпте өмір сүру тән. Біз сонысымен жануарлардан ерекшеленеміз. Егер адамның тазалық сақтау дағдылары жағымсыздыққа әкелмесе, одан оның өмірінің сапасы нашарламаса, онда бұл қалыпты. Алайда жалпы қалыпты дегеннің өзі - шартты термин. Тазалық сақтауға келгенде де әр адам үшін өзіне тән қалыпты жағдайы бар.
Тазалықты шамадан тыс сақтау қандай кезде патология болуы мүмкін? Адамның күнделікті әлеуметтік өмірінің сапасы нашарласа, тазалық сақтауға өте көп уақыт кетсе, соның салдарынан жұмысқа немесе сабаққа жиі кешігетін болса, айналасындағы тазалыққа аса мән беретіндіктен, аяқ асты жоспарын өзгертуге мәжбүр болса, бұл патология болуы мүмкін.
Бұл әдеттен адамның өмір сапасы нашарласа және ол күнделікті өміріне кедергі келтіре бастаса, соның салдарынан айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы бұзылса, ол мамандар көмегіне жүгіну керек. Маман бұзылыстың деңгейін және оның қаншалықты терең екенін анықтап, соған сай терапия әдісін тағайындайды.
Оның қандай психологиялық себептері болуы мүмкін?
Отбасыдағы қандай да бір қиын жағдай. Әдетте ол балалық шақта пайда болады. Баланың психикасына жағымсыз әсер ететін жағдайлар бар: мысалы, жақын адамынан айырылу, қатты күйзеліс және т.б. Бастапқыда адамның болмашы нәрседен тазарғысы келуі уақыт өте күшейіп кетуі мүмкін.
Отбасында тәуелділігі бар ересектің болуы. Кейде отбасында қандай да бір тәуелділікпен қиналатын ересектер болса, балалар да тәуелді болып өсуі мүмкін. Адамның айналасында үнемі мінсіз тазалық сақтағысы келуі де тәуелділікке жатады.
Тұрмысы нашар отбасында өсу. Кейде тұрақсыз ортада өскен адамдар есейгенде шамадан тыс тазалық сақтауға бейім болуы мүмкін. Мысалы, ата-анасының бірі үнемі үйде болмайтын, ішімдікке салынған немесе қатты материалдық проблема болған, үй үнемі шашылып жататын болған болса, бала өзіне таза орын бөліп алу арқылы тұрақтылық сезімін жасағысы келген болуы мүмкін.
"Жақсы бала (адам)" болғысы келу. Ата-ана балаға көп талап қойса, баладан көп нәрсе күтсе, оның бұл әдеті оның "жақсы бала" болғысы келгенінен пайда болған болуы мүмкін.
Айналасындағы адамдар тарапынан агрессия көру. Мысалы, егер бала құрдастарынан агрессия көрсе, ол айналасын тазалай бергісі келуі мүмкін. Адам негативтен де шаң мен ластықтан секілді арыла аламын деп ойлайды.
Перфекционизм. Перфекционистер кез келген істі тиянақты және мінсіз етіп жасағысы келеді. Сондықтан перфекционистердің тазалықты шамадан тыс сақтайтын адамға айналуы оңай.
Бұл тек кейбір мысалдар ғана, проблеманың себебін тек әр науқаспен жеке жұмыс жасау арқылы және тексерістерден өткізу арқылы анықтауға болады.
Оқи отырыңыз: Психиатр мен психологтың қандай айырмашылығы бар?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова