Қызылордалық Тоғжан Құдайбергенова - дәрігерлер "енді емделмейді" деген ауруды жеңген жан. Қайсар әйел қиындықты еңсеруге не көмектескенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жасы қырықтан асқан ол - Жалағаш ауданы орталығының тумасы. Жиырма жылдан бері аудандағы Бұқарбай батыр ауылында келіндік міндетін өтеп келеді. Үй шаруасын ұршықша иіріп, мыңғырған малдың да бабын жасап жүр. Еңбексүйгіш отбасының қарамағында екі үйір жылқы, он бес шақты түйе, он шақты сиыр, көптеген қой-ешкі бар. Тоғжан Құдайбергенованың екінші тынысын ашқан – ірі малдың сүті.
"Үш жыл бұрын қатерлі дертке шалдықтым. Оның алдында кондитерлік бизнесім болды. Торт пісірдім. Кәсібімді үзуге тура келді. Өйткені бұл өмір мен өлімнің мәселесі еді. Екі ай химия терапиясымен емдегесін дәрігерлер үміт үзіп, үйге қайтарды. Мен сонда да өмірге құштарлығымды жоғалтқаным жоқ. Жаман ойға берілмей, "бала-шағамды жетілдіру керек" деп өзімді-өзім жігерлендірдім. Ауылда шұбат, саумал іштім. Таза ауа, жанға жайлы ауа да көмектесті. Денсаулығым ақырындап қалыпқа келе бастады", - деді кейіпкеріміз.
Бұған ақ халаттылар таңданыспен қарап, "басқа науқастарға үлгі болыңыз, мотивация беріңіз" деп, әлеуметтік желіде арнайы парақша жүргізуді ұсыныпты. Содан бері инстаграммен дос. Ауыл жұрты оны "блогер келін" деп, төбесіне көтереді. Жүз мыңнан астам оқырманы, дос-жараны көптеп-көмектеп қиналған жандарға жомарт қолын созып жүр. Ауылдағы екі отбасының үйлі болуына септігін тигізді.
"Мен ауырғанда бүкіл ауыл дұғасына қосып, тілеуімді тіледі. Көптің тілегінің арқасы, азды-көпті жақсылығымның қайтарымы шығар, Құдайға шүкір, бәрі қалпында", - деді блогер.
Кейіпкеріміздің күйеуі тоғыз ағайынды. Өзі - шаруашылықта сушы. Бір жағынан төрт түлігін түлетіп отыр.
"Отбасымыз үлкен. Атам, жолдасым, бес балам, келінім бар. Қайын ағам бала-шағасымен бір аулада тұрады. Одан әріде қайнымның үйі бар. Бәріміз дастарқан басында жиі бас қосамыз", - деді Тоғжан Құдайбергенова.
Қайын атасы жасы сексенге таяса да әлі күнге атпен шабады. Өмір бойы қара жұмыс істеп, ағарған ішкеннің пайдасы. Кейіпкеріміз де жылқыны ерттеп мініп, ердікі, әйелдікі деп бөлмей, кез келген шаруаны шыр айналдырады. Темір тұлпарды да тізгіндеп, тірлігін бітіреді. Күн сайын бірнеше сиыр, түйе сауады. Күбі пісіп, құрт жасайды. Ауыл келіні үшін нағыз фитнес – осы.
Кейіпкеріміз жылқының қасиеті барын басынан өткен жағдай арқылы баяндап берді.
"Шет елден алдырған Қарлығаш деген байтал болды. Үйдегілер бәйгеге қосатын. Қоржыны бос қайтқан кезі жоқ. Бір күнде екі аламанға қатысып, жүлде алғаны да бар. Ауырғанда саумалын іштім. Содан кейін аяғына жара шығып кетті. Ол жылдан-жылға үлкейе берді. Болмаған соң операция арқылы жарасын алдырдық. Бірақ артынша қайтадан өршіп, байтал өліп қалды. Инстаграмда жұрт "демек, ол сіздің дертіңізді өзіне тартып алған” десті. Адам айтса сенгісіз нәрсе. Бірақ өзім көргесін сенбеу мүмкін емес. Қарлығашпен солай қимай қоштастық", - деді Тоғжан Құдайбергенова көзіне жас алып.
Назерке Саниязова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!