Тұмау мерекені бұзбасын

Тұмау мерекені бұзбасын

Қыстан кейінгі өтпелі уақыт денсаулық үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Алдамшы ауа-райы, тез жылыған күн жаңа ауру толқыныңың бастамасы бола алады. Осы кезде тұмаудан сақтанып, мерекелерді жақсы көңіл күйде өткізіңіз.

Қыста ағзамыз күннің көзі жетіспеушілігінен, дәрумендер тапшылығы әсерінен әлсіреп, көктемдік тұмауға төтеп бере алмайды. Ал наурыздағы күннің көзіне қарап, жылы киімдерді шешіп тастаған сәтте-ақ аязды жел әсерінен ауырып қаламыз. Осы кезде ауамен таралатын вирустар ерекше қатал болады. Тұмау, жоғары температура, жөтел, мұрыннан су ағу көктемдік көңіліңізді түсірмеу үшін, наурыздық эпидемиялардан сақтаныңыз.

Бұл кезде суық тиіп, тұмауратып қалсаңыз, ағзаңызға ерекше күтім мен шипа беріңіз. Дұрыс ем мен жақсы күтім болашақта аурудың асқынып кетуінен сақтайды, ал бұл наурызда жиі орын алатын жағдай. Бронхит, отит, пневмония, жүрек-тамыр жүйесіндегі қиындықтардан аман қалу үшін, мына кеңестерді орындаңыз.

1. Тұмауды "аяқта" өткізбеңіз. Демек, ауырсаңыз бірден төсек режимін ұстанып, үйде жатып, жазылыңыз. Жағдайыңыз тым жаман болмаса да, жұмысқа не сабаққа барып, басқаларды жұқтыртпаңыз.

2. "Бір-екі күн жатып жазылам" деп ойламаңыз. Міндетті түрде дәрігерге барыңыз. Жазып берген емін қабылдап, айтқан шараларын жасаңыз.

3.  Сұйықтықты көптеп ішіңіз. Ыстық шайға бал, тосап, лимон қосып іше беріңіз. 

4. Темекі шегетін болсаңыз, ауру кезінде темекіден бас тартыңыз.

5. Вирусқа қарсы әсері бар дәрілер ішіңіз. Дәріханадағы тұмауға қарсы дәрілердің біраз бөлігі тек тұмау белгілерін жояды. Ал аурудың себебі мен бастамасы вирустарға еш әсер етпейді. 

Мерекелерді ауырмай өткізейік!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: m.inmagine.com

С. А