- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жалқаулықтың артында қандай...
Жалқаулықтың артында қандай да бір ауру "жасырынып" тұруы мүмкін. Біле жүріңіз!
Жалқаулық деп адамның қандай да бір іспен айналысқысы келмеуін айтады. Бұл жағдай шаршаңқылық, күйзеліс немесе басқа да себептерден туындауы мүмкін. Жалқаулықты көпшілік адам қасиеттерінің бірі санағанымен, ол қауіпті аурудың бір белгісі болуы да мүмкін.
Қалқанша без ауруы
Қалқанша без – зат алмасуды реттейтін ағзадағы басты бездердің бірі. Оның қалай жұмыс істеуі адамның сырт келбеті мен хал-жағдайына әсер етеді. Қалқанша без проблемасының негізгі белгілеріне салмақтың артып кетуі, құрғақ тері, ми жұмысы проблемасы, аяқ-қолдың суық болуы және тез шаршап қалу жатады. Тіпті, бұл кезде адам ұйқысын қандырған болса да және ауыр жұмыс жасамаса да, жалқаулануы мүмкін.
Жүрек-қан тамырлар ауруы
Жүрек ауруы бар адамдар жиі кеуде тұсының ауыратынын айтады. Алайда бұл проблеманың басқа да себептері бар. Мысалы, науқаста аздап физикалық жүктемеден кейін демікпе пайда болып, буындары ісіп кетуі мүмкін. Ал бірден қозғалып қалған кезде басы айналып кетеді. Жалқаулық пен жалпы шаршаңқылық та жүрек проблемасын білдіреді. Әсіресе, адамның ештеңе істегісі келмеуі құрғақ жөтел, температура және кеуде тұсының ауыруымен қатар жүрсе, дәрігерге қаралу керек.
Депрессия
Егер жалқаулық төмен өзін-өзі бағалаумен және жалпы шаршаңқылықпен қатар жүрсе, бұл депрессияның дамуын білдіруі мүмкін. Депрессия кезінде ағзада бақыт сезіміне жауап беретін серотонин гормоны аз бөлінеді, соның себебінен жалқаулық туындауы мүмкін.
Анемия
Қаназдық немесе анемия – ағзада гемоглабин жетіспейтін немесе оның қызметі бұзылған кезде туындайтын жағдай. Анемияның негізгі белгілеріне терінің бозаруы, жиі бас айналу және жалпы шаршаңқылықты жатқызады. Сондай-ақ ашуланшақтық пен жалқаулық қатар жүреді.
Қант диабеті
Үнемі шаршаңқылық сезіну және жалқаулық қант диабетінің белгісі болуы мүмкін. Бұл жағдайда шаршаңқылық қанайналымнан ағза жасушаларына жеткілікті қант жетпейтіндіктен туындауы мүмкін. 2-типті қант диабетінің дамуы жайлы шөлдей беру, жиі зәр шығару, қарын ашу және көрудің бірден нашарлауы білдіруі мүмкін. Науқастар қант диабеті кезінде жаралар баяу жазылатынын байқағанын айтады.
А. Жапатова