Бала тұмауының созылып кетуі. Ата-ана жіберетін 5 қателік

Бала тұмауының созылып кетуі. Ата-ана жіберетін 5 қателік
Фото: ru.freepik.com

Көктемде балалар жиі тұмауратады. Әсіресе, ол балабақшаға баратын балаларда көп кездеседі. Балалардың иммунды жүйесі әлі де толықтай қалыптаспағандықтан, олардың оны жұқтырмауы мүмкін емес. Баланың ауруды қалай "көтеретіні" әртүрлі факторларға байланысты. Бірақ бұл жағдайды жеңілдететін бірнеше ереже бар. Алайда көпшілік ата-ана бұл қарапайым ережелерге мән бермей, бала тұмауының созылып кетуіне себепші болып жатады. Ендеше, тұмауды емдеудегі жиі жіберілетін қателіктер қандай?

1. Пәтердегі ауа температурасы қолайсыз

Жедел респираторлық инфекция аурулары жиі жоғары температурамен қатар жреді. Бұл кезде балаға дұрыс микроклимат керек. Балаларда термореттеу процесінің өз ерекшеліктері бар. Егер бөлмеде ыстық болса, балалар жылдам қызып кетеді. Ал бөлмеде суық болса, бала өздігінен жылына алмайды. Сондықтан бала ауырғанда ол үшін қолайлы температура жасау керек: бөлмедегі температура 20-22 градус болғаны жөн.

2. Бөлмедегі ауа өте құрғақ

Респираторлық жұқпа кезінде тыныс алу жолдарының шырыштысы зақымдалады. Бұл жерде ауру қоздырғыш пен бала ағзасының алғашқы байланысы болады және алғашқы иммунды жауап іске қосылады. Шырышты қабықшалар белсенді түрде шырыш бөле бастайды. Ал құрғақ ауа шырыштың шығуын қиындатады және емделу процесін созып жібереді.

3. Суды аз ішкізу

Тұмау кезіндегі басты ереже – сұйықтық, соның ішінде таза су көп ішу. Тұмау кезінде бала көп су жоғалтады. Сондықтан суды жеткілікті мөлшерде ішу маңызды. Сұйықтықтың жетіспеушілігі дәрілік құралдардың тиімділігін де төмендетеді.

4. Үйді жүйелі түрде ылғал тазаламау

Респираторлық вирустар сыртқы ортада төзімсіз, ал ылғал тазалау олармен жылдам күреседі. Оған қоса, үйді ылғал тазалау кезінде ауа ылғалдылығы да артады. Ал ол жоғары тыныс алу жолдарының шырышты қабықшасына пайдалы.

5. Өздігінен емдеу

Респираторлық аурулардың белгілері көпшілікте шамамен бірдей: жөтел, мұрын бітелу, жоғары температура. Бірақ жөтел, мұрын бітелу, қалтыраудың ерекшеліктерін тек дәрігер ғана дұрыс бағалай алады. Ата-ана баланы өздігінен емдеу арқылы уақыт жоғалтады. Бұл кезде аурудың асқынып кету қаупі жоғары болады. Дәрілерді тек дәрігер жазып беру керек.

А. Жапатова