- Негізгі бет
- Денсаулық
- Энергетикалық сусынды күнде...
Энергетикалық сусынды күнде ішсе, ағзаға не болады?
Соңғы кездері көпшілік адам шаршағанда немесе өздерін баяу сезінгенде энергетикалық сусындар ішеді. Оны тіпті, күнде ішетіндер де бар. Алайда дәрігерлер мұндай сусындардың ағзаға зиян екенін айтады. Ендеше, энергетикалық сусындарды күнде ішу ағзаға қалай әсер етеді?
Мұндай сусындар адамды сергітуге және оның физикалық немесе ақыл-ой қабілетін арттыруға арналған. Алайда одан келетін күш уақытша, сондай-ақ ол жүйке жүйесін шамадан тыс қоздырады.
Оған қоса, энергетикалық сусындардың құрамында пайдалы заттар өте аз. Оның құрамындағы кофеин мөлшері жүрекпен байланысты қауіпті проблемаларға әкелуі мүмкін. Ал оның көмірқышқыл газы және қантпен үйлесімі асқазан мен бауырға зиян.
ШЖҚ "Отбасылық медицина орталығының" жалпы тәжірибелік дәрігері Сейтмағұлова Ақбота мұндай сусындарды жиі ішпеуге кеңес берді.
"Энергетикалық сусынды күнде ішу қысымның көтерілуі, бас ауруы, жүрек ырғағының өзгеруі және асқазан-ішек жолы проблемаларына әкелуі мүмкін. Ол сондай-ақ жүйке жүйесіне жағымсыз әсер етуі, мысалы, ашуланшақ болып кетуіңіз немесе ұйқысыздық мазалауы мүмкін", - деді дәрігер.
Сондай-ақ энергетикалық сусындарды жиі ішу мынадай проблемаларға әкелуі мүмкін:
- тіс жағдайы нашарлайды;
- ағзаны сусыздандырады;
- бүйрек жұмысын бұзады;
- асқазан қышқылдылығын арттырады;
- жүрек айниды, іш өтуі мүмкін;
- бас ауырады, паникалық шабуыл және агрессия пайда болуы мүмкін.