"Бұл сүйел емес": Папиллома деген не және оны қалай емдеу керек?

"Бұл сүйел емес": Папиллома деген не және оны қалай емдеу керек?
Фото: raikovstudio.ru

Папиллома - тері өсінділері. Тері папилломасы кең тараған және ол әдетте 25 жастан асқан адамдарда пайда болады. Ол ерлер мен әйелдерде бірдей кездеседі. Папиллома жайлы не білу керек?

Тері папилломасы - тері жасушаларынан тұратын қатерсіз ісіктер. Олар дененің кез келген жеріне шығуы мүмкін, бірақ жиі тері үйкелетін жерлерге шығады. Мысалы:

- қабақ;
- қолтық;
- омырау асты;
- шап;
- кеуде тұсы;
- мойын.

Папиллома көрінетін жерде орналаспаған болса, көбіне білінбей қалады. Оған қоса, адамдар ешқандай ыңғайсыздық сезбейді. Олар өлшемі үлкейген кезде ғана көріне бастайды және үйкелетін жерде орналасқандары ауыра бастауы мүмкін. Папиллома зақымдалса, ол қабынып, қанауы мүмкін. 

Папилломаны қалай емдейді?

Тері папилломасы, әдетте, зиянсыз. Оны көбіне эстетикалық және косметикалық себептермен алып тастайды. Ал кей адамдар үйкелетін жерлерде орналасқан үлкен тері папилломаларын ыңғайсыздық тудыратындықтан алып тастайды. Оны жергілікті анестезиямен алады. Ол ауыртпайды және тыртық қалдырмайды. Оны дерматолог, косметолог дәрігер алады. Бірақ алдымен жаңа өсіндіге диагностика жүргізіледі. Себебі кей жағдайда гистологиялық зерттеу қажет болуы мүмкін.

Папиллома не үшін пайда болады?

Тері папилломасы жиі мына жағдайларда пайда болуы мүмкін:

- артық салмақ пен семіздік, холестериннің жоғары мөлшері;
- қант диабеті;
- жүктілік;
- адам папилломасы вирусының кей түрлері;
- гормонды тепе-теңсіздік;
- генетикалық бейімділік;
- жоғары қан қысымы;
- төмен иммунитет, дәрумендер жетіспеушілігі.

Ескерту: Мұндай тері өсінділері көбіне қатерсіз болғанымен, қатерлі түрлері де кездеседі. Сондықтан өзіңізден артық тері түзілімін байқасаңыз, міндетті түрде дәрігерге көрсету керек.

А. Жапатова