Бала сағыз жұтып қойса, не болады? Дәрігер жауабы

Бала сағыз жұтып қойса, не болады? Дәрігер жауабы
Фото: ru.freepik.com

Түрлі түске боялған тартымды қаптамалар мен күнделікті жарнама әр адамды сағыз алуға итермелейді. Қазір тек ересектер емес, балалар да сағыз көрсе, шайнағысы келеді. Бірақ бала оны байқамай жұтып қоюы мүмкін. Мұндай кезде ол асқазанға түсіп, жабысып қала ма әлде қорытыла ма? Бұл сұраққа педиатр Ирина Замаева Parents.ru сайтына жауап берді.

Желіде жұтып қойған сағыз асқазанда 7 жыл бойы ерімейді деген ақпарат жүр. Бұл әрине, өтірік. Сілекей мен асқазан сөлі әсерінен сағыз біртіндеп өзінің шырышты қабықты жабыстыру қабілетін жоғалтады. Өзінің иілгіштігінің арқасында ол асқазан-ішек жолы органдарын зақымдамайды. Сондықтан егер бала бір кішкентай сағызды жұтып қойса, уайымдамаңыз, ол ағзадан табиғи жолмен шығады.

Ішке сағыз өте көп мөлшерде түссе және баланың іші қатса, ішек өтімсіздігі болуы мүмкін. Бұл жағдайда жедел түрде педиатрмен кеңесіп, баланы қажет тексерістерден өткізіп, іш өткізетін құрал алу керек.

Баланың сағызға қақалып қалуы қауіпті. Бала аузынан сағызды шығармай, жүгірсе, секірсе, күлсе немесе айқайласа, жабысқақ сағыз тыныс алу жолына түсуі мүмкін. Бұл жағдайда оны жылдам алып шығу қиын. Бала кішкентай болған сайын ол үшін сағыз қауіпті, - деді Ирина Замаева.

А. Жапатова