- Негізгі бет
- Денсаулық
- Неліктен бас айналады?...
Неліктен бас айналады?
Бас айналса, тепе-теңдікті және кеңістіктегі бағытты жоғалтып алуға болады. Неліктен бас айналады және мұндай жағдайда өзіңізге қалай көмектесуге болады?
Бас айналу - бұл айналаңыздағы кеңістік қозғалып немесе айналып жатқандай көрінетін сезім. Немесе керісінше, сіз қозғалып немесе құлап бара жатқандай сезімде боласыз. Бас айналған кезде тепе-теңдік бұзылады. Қозғалыс сенімсіз бола түседі.
Неліктен бас айналады?
Күтпеген жерден бас айналып, ол бір ретік жағдай болуы мүмкін. Сондай-ақ ол созылмалы болуы және жиі пайда болуы мүмкін. Оның бірнеше себебі бар.
Сусыздану
Ағза сусызданғанда қан қысымы түседі. Қан миға нашар құйылады және оған оттек жетіспейді. Сол үшін біздің басымыз айналады. Әсіресе, отырған күйден жылдам тұрғанда басыңыз айналып кетеді. Ағза сусызданған кездегі бас айналу жиі көздің қараюымен бірге жүреді. Бұл жағдай қарттарда және диабетпен қиналатын адамдарда жиі кездеседі.
Дәрі-дәрмек ішу
Кей дәрілік құралдар басыңызды айналдыруы мүмкін. Мысалы, көпшілік бұл әсерді қабынуға қарсы дәрілерді ішкеннен кейін байқайды. Ол сондай-ақ кей антибиотиктер, тырысуға қарсы және қысымды реттейтін дәрілерден кейін де пайда болуы мүкін.
Қанағым проблемасы
Бас айналу ағзада қанағым проблемасы барын көрсететін белгі болуы мүмкін. Ми үнемі қаннан оттек келуіне мұқтаж. Ал егер оның айналымы бұзылса, бас айналуы мүмкін. Миға қанның құйылуы төмен болса, қан ұйып қалуы, артериялардың бітелуі, жүрек жеткіліксіздігі және ретсіз жүрек соғысы пайда болуы мүмкін.
Сондай-ақ анемия кезінде де бас жиі айналады. Ол созылмалы шаршаңқылықпен және әлсіздікпен қатар жүреді.
Меньер ауруы
Бұл ауру адамның ішкі құлағын зақымдайды. Әдетте, бас айналу бұл жағдайда құлақта шу болумен бірге жүреді, тіпті, уақытша бір құлағыңыз естімей қалуы мүмкін. Меньер ауруы кезінде ұстама 1 сағаттан бірнеше сағатқа дейін созылады. Олар сорзылмалы болуы да, сондай-ақ бірнеше айда бір рет пайда болуы да мүмкін. Бұл ауру жағымсыз болса да, қауіптіге жатпайды. Ол жүйке жүйесімен байланысты басқа ауруларды шақырмайды. Алайда дәрігерге уақытында қаралу керек. Әйтпесе, оның жиіленіп кету қаупі бар.
Вестибулярлық неврит және лабиринтит
Бұл аурулар жиі жұқпа себебінен пайда болып, ішкі құлақты зақымдайды. Кейде неврит және лабиринтит қарапайым тұмаумен бірге жүреді. Қозғалыс белсенділігіне қарай бас айналуы және жүрек айнуы мүмкін. Жұқпаны емдеген кезде бұл белгілер де кетеді.
Күйзеліс
Кей адамдардың күйзелістік жағдайларда басы айналады. Мұндай бас айналуды психогенді деп айтады. Бұл жүйке жүйесінің шамадан тыс жүктелуімен және сәйкесінше қысым өзгерісімен, сондай-ақ өкпенің аса желдетілуімен (өте жиі және терең емес тыныс алу) байланысты. Ол мида оттек жетіспеуін тудырады.
Физикалық тітіркендіргіштер
Барлық жағдайда бірдей бас айналу ауру белгісі емес. Ол физикалық тітіркендіргіштерге деген табиғи реакция болуы мүмкін. Мысалы: тербелгенде немесе биіктіктен секіргенде. Сондай-ақ өткір иісі бар химиялық заттардан басыңыз айналуы мүмкін.
Бас сақинасы
Бас сақинасы вестибулярлық аппарат жұмысына жауап беретін ми бөліктеріндегі қан айналымды бұзады. Бұл аппарат бізге тепе-теңдік сақтауға және кеңістікте бағыт алуға көмектеседі. Бас сақинасы кезіндегі бас айналу жиі желке тұсының ауруымен қатар жүреді.
Остеохондроз, мойын және бас зақымы
Вестибулярлық аппараттың бақылау жүйесі нақты ми бөліктерінен ғана тұрмайды. Оған бүкіл ағзаның сезімтал бұлшық ет рецепторлары мен байламдары қатысады. Сондықтан оның жұмысы бұзылған кезде біздің басымыз айналады.
Мысалы, остеохондроз - мойынның сезімтал бөліктерінің жұмысы бұзылуы кезінде, бас айналып, тепе-теңдік сақтау қиынға соғады. Бас пен мойын зақымдары да вестибулярлық аппарат проблемасына, нәтижесінде бас айналуға әкелуі мүмкін.
Жүктілік
Жүктілік кезінде әйелдің жиі басы айналуы, жүрегі айнуы, әлсізденуі және шаршауы мүмкін. Бұл жиі ағзадағы гормонды өзгерістермен және токсикозбен байланысты. Жүктілік кезіндегі бас айналу төмен артериялық қысыммен немесе глюкоза жетіспеушілігімен байланысты болуы мүмкін.
Бас айналса, не істеу керек?
Бас айналған кезде, ең алдымен отыру керек. Бұл құлау және зақым алу қаупін азайтады. Мұндай кезде жағдайыңызды жақсартуға көмектесетін жаттығулар бар.
Брандт-Дарофф жаттығуы
Төсектен тұрғанда басыңыз айналып кетсе, сізге бұл әдіс қажет болады. Асықпай тұрып, содан соң табан еденге тиіп тұратындай етіп диванға немесе отырғышқа отыру керек. Содан соң бір жаққа қарай 45 гардусқа еңкейіп, сол күйде 30 секунд тұруыңыз керек. Содан соң бастапқы күйге келіп, жаттығуды екінші жаққа жасаңыз. Бұл жаттығуды күніне екі рет таңертең және ұйықтар алдында жасау ұсынылады.
Фостер жаттығуы
Бұл жаттығуды орындау үшін төрт аяқтап тұру керек. Төбеге қараңыз, содан соң маңдайыңыз еденге тигенше жайлап басыңызды төмен түсіріңіз. Содан соң басыңызды солға бұрып, осы қалыпта тұрыңыз. Кейін бас қалпын өзгертпестен, оны арқа деңгейіне дейін көтеріңіз. Осы күйде 30 секунд тұрыңыз. Бұл жаттығуды келесі жаққа қайталауға болады. Сондай-ақ оны бірнеше рет жасауға болады. Бірақ әр жаттығу арасында 10-15 минут демалу керек.
А. Жапатова