- Негізгі бет
- Денсаулық
- Инсульттан соң қандай...
Инсульттан соң қандай тағамдар жеу керек?
Инсульт алған адамдарға екі мәселені шешу маңызды: қалыпқа келу және мидағы қан айналымы бұзылуының қайталануына жол бермеу. Оларды шешуде емдік және дұрыс тамақтану маңызды.
Аурудың әртүрлі себептеріне қарамастан, ишемиялық және геморрагиялық инсульттен кейінгі рацион бірдей.
Қалыпқа келудің бастапқы кезеңінде үйреншікті тамақты табиғи жолмен жеу шектеулі немесе мүлдем мүмкін емес. Әдетте, науқас сал болып қалады, жұту қызметі бұзылады, оған дәрілік препараттарды көп мөлшерде құяды. Бұл кезде тамақтану толыққанды, жеткілікті, үйлесімді болуы үшін және жеңіл сіңуі үшін арнайы қоректік қоспалар береді. Оны қайнаған сумен араластырып, сұйық етіп ішеді.
Жұту проблемасы бар науқастарға дайындалған қоспаны арнайы медициналық зонд арқылы береді.
Науқас үйге шыққан соң және ол қатты тамақты шайнап, жұта алатын болса, тамақтану рационын біртіндеп түрлендіруге болады. Инсульттен кейінгі тамақтануда мына ережелерді сақтау ұсынылады:
1. Тамақта ақуыздың жеткілікті мөлшері болуы керек. Мәзірге сүзбе, майсыз ет және балық, жұмыртқаның ағын, қарақұмық және сұлы жармасын қосыңыз.
2. Рационның калориясын азайту керек. Күнделікті рационның жалпы калориясы 2500-2600 ккал-дан, ал артық салмақ болса, 2000-2200 ккал-дан аспауы тиіс.
3. Тұз, қант және сұйықтық мөлшерін азайту керек. Ас тұзының артық болуы артериялық қысымның көтерілуіне ықпал етеді. Барлық тұзды және маринадталған өнімдерден бас тартыңыз.
4. Рационнан жануар және аспаздық майларды алып тастау керек. Ол қандағы холестерин деңгейін азайтуға және қан тамырлардағы түйіншектерден арылуға көмектеседі. Олардың орнына күнбағыс, зығыр, зәйтүн майын қолданыңыз.
5. Рационда дәрумендер мен минералдардың жеткілікті мөлшері болуы керек.
6. Жүйке және жүрек-қан тамырлар жүйесі қызметін қоздыратын тағамдарға тыйым салынады: кофе, қою шай, шоколад, кез келген алкогольді сусындар, газдалған тәтті сусындар. Сондай-ақ ащы тіскебасарлар мен дәмдеуіштер, жартылай дайын өнімдер, фаст-фуд жеуге болмайды.
7. Бөлшектік тамақтану. Тамақты аз порциядан күніне 4-5 рет жеңіз. Соңғы тамақты ұйықтарға 3-4 сағат қалғанда жеуге тырысыңыз.
А. Жапатова