Ұйықтататын дәрілер жайлы не білу керек?

Ұйықтататын дәрілер жайлы не білу керек?
Фото: ru.freepik.com

Ұйықтататын дәрілер ұйықтап кету нағыз проблемаға айналған кезде көмектесе алады. Дұрыс таңдалса, ол препарат пайдасын береді, бірақ оны қабылдау кезіндегі қауіптерді де ескеру керек. Ұйықтататын дәрілердің қандай түрлері бар және қай кезде емнің басқа түрін таңдаған жөн?

Ұйықтататын дәрілердің қандай түрлері болады?

Барлық ұйықтататын дәрілердің ұқсастығы — олардың бәрі миға әсер етуінің арқасында нәтиже береді. Алайда, дәрілердің әр түрінің өз ерекшеліктері бар. Олар мынадай кластарға бөлінеді:

Бензодиазепиндер. Бұл ұйықтататын дәрілердің кең тараған түрі. Олар адамның ұйқысын шақыру үшін мидың бензодиазепиндік рецепторларына әсер етеді. Көп жағдайда адамдар бұл типтің препараттарын жақсы көтереді және басқа құралдармен салыстырғанда азырақ қосымша әсерлерге ие. Оның негізгі кемшілігі — күндіз де ұйқының қысуы және жалпы әлсіздік сезу. Өкінішке орай, басқа да ұйықтататын дәрілерді секілді бензодиазепиндерді де ұзақ қабылдасаңыз, оған үйреніп кетуіңіз мүмкін. Кей адамдарда оларға деген дәрілік төзімділік байқалады. Бұл кезде ағза компоненттерді толықтай сіңірмей қояды немесе қарапайым мөлшер қажет әсерге жету үшін жетпей тұрады.

Барбитураттар. Бұл ұйықтататын дәрілер барбитурат қышқылы негізінде дайындалады. Олар қозғыштықты төмендетуге, ұйықтап кетуді жылдамдатуға және терең ұйқыға кетуге көмектеседі. Қазір дәрігерлер ұйықтататын дәрілердің бұл түрін ерекше жағдайларда ғана жазып беріп, қалған жағдайларда басқа препараттарға жүгінуге тырысады. Себебі бұл түрінің қосымша әсерлері өте көп. Мысалы, барбитураттық ұйықтататын дәрілерге тәуелділік өте жылдам дамиды. Сондай-ақ, қысымның көтеріліп кетуі мен координацияның бұзылуы байқалады.

Z-препараттар. Бұл топтың осылай аталуының себебі — оған жататын ұйықтататын дәрілердің бәрі «з» әрпінен баталады. Бұл препараттардың жоғарғылармен салыстырғанда артықшылықтары көп. Біріншіден, олар ағзаның физикалық және психикалық қалпына келуіне көмектесетін ұйқының терең фазасын басып тастамайды. Оған қарамастан, адам жылдам ұйықтап кете алады және оның ұйқысының уақыты көбейеді. Екіншіден, оның ағзадан шығуы тез. Олар 8 сағат шамасында шығып кетеді, сондықтан адамдар ояу кезінде жағымсыздықтар сезбейді. Бұл препараттардың қосымша әсерлері аз. Оған компоненттерді көтере алмау, есте сақтау проблемалары, сенсорлық бұзылулар жатады. Ұйқышылдық, бас айналу және бас ауыру пайда болуы мүмкін. Алайда, бензодиазепиндермен және барбитураттармен салыстырғанда Z –препараттар ішетін адамдарда жағымсыз сезімдер сирек байқалады.

Мелатонин. Бұл ұйықтататын дәрі емес, ұйқы мен сергектік режимін реттеуге көмектесетін гормон. Оның негізінде құралдар өндіріледі. Оны адамның циркадты ырғағы бұзылғанда немесе ұйқы сапасы нашар болғанда береді. Дәрігер бұл гормонды 55 жастан асқан адамдарға мелатонин гормонының орнын толықтыру үшін қабылдауды ұсынуы мүмкін. Себебі бұл гормон адамдарда жас ұлғая келе азаюы мүмкін. Ол жақсы ұйықтауға және таңертең өзіңізді сергек сезінуге көмектеседі. Бірақ ұйқы бұзылуы асқынған болса, ол жоғарыда айтылған препараттар секілді нәтиже бермеуі мүмкін.

Ұйықтататын дәрілер ішудің қаупі қандай?

ШЖҚ “Отбасылық медицина орталығы” жалпы тәжірибелік дәрігер Сейтмағұлова Ақбота ұйықтататын дәрілерді өз бетінше ішу адам денсаулығына қауіпті екенін айтады.

"Ұйықтататын дәрілерді өз бетінше ішуге болмайды. Міндетті түрде дәрігерге қаралып, тексерістен өтіп, анализдер тапсыру керек. Дәрігер барлық аспектілерді ескеріп,  дәрінің рецептісін береді. Ұйықтататын дәрілерді дұрыс қабылдамаса, оларға тәуелділік туындауы мүмкін. Сондықтан кей адамдар оны ішпей қойса, өздігінен ұйықтай алмайтын болады", - дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, бұл дәрілерді кей препараттармен бірге ішуге болмайды. Сондықтан да дәрігер оны жазып бермес бұрын сізден осы уақытқа дейін басқа қандай дәрілер ішіп жүргеніңізді сұрайды.

"Әрине, ұйықтататын дәрілердің қосымша әсерлері жайлы да ұмытпау керек. Бұл дәрілер әр адамға әрқалай әсер беруі мүмкін. Оны ішу кезінде емделуші дәрігердің бақылауында болады. Мысалы, бірнеше күннен кейінгі науқастың жағдайына қарай дәрінің мөлшерін азайтуымыз немесе көбейтуіміз мүмкін. Қосымша әсерлердің негізгілеріне күндіз де ұйқыңыздың келуі, жүрек айну, ауыздағы құрғақтық жатады", - дейді Сейтмағұлова Ақбота.

Ұйықтататын дәріні қалай қауіпсіз қолдануға болады?

Ұйықтататын дәрі ішуді ойласаңыз, ең алдымен дәрігермен сөйлесіңіз. Дәріханалардан өздігінше мұндай препарат алуға болмайды. Дәрігер құралды таңдау кезінде барлық маңызды аспектілерді ескереді: ұйықтап кету проблемасының ауырлығын, ілеспелі аурулар, ішіп жүрген дәрілер, өмір салтының ерекшелігі.

Рецепт пен оны қалай ішу керегі жайлы ақпарат алғаннан кейін ұсыныстарды қатаң сақтау маңызды. Өз бетіңізше оның мөлшерін азайтуға немесе көбейтуге және кей күндері ішпей кетуге болмайды.

Ұйықтататын дәрілерді алкогольмен бірге қабылдауға болмайды. Ол оның тыныштандыру әсерін арттырып, сананың шатасуына, бас айналуға немесе талып қалуға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ алкоголь ұйықтататын дәрінің әсерін әлсіретіп, ұйқысыздық орын алуы мүмкін.

Кей ұйықтатын дәрілерді нақты өнімдермен бірге қабылдау ұсынылмайды. Мысалы: грейпфрут және оның шырыны. Әдетте, ол дәрінің нұсқаулығында жазылып тұрады. Сондықтан дәріні ішерде ішіндегі нұсқаулығын бастан-аяқ жақсылап оқып шығыңыз.

Ұйықтататын дәрі ішкеннен кейін баратын жеріңіз жақын болса да, көлік айдамаңыз.

Ұйықтататын дәріні кімдерге ішуге болмайды?

Кей адамдар ұйықтататын дәрілердің қосымша әсерлерін басқаларға қарағанда жылдамырақ сезеді. Ол адамның денсаулық жағдайының ерекшеліктерімен байланысты. Сондықтан дәрігерлер мұндай адамдарға олардың көмегіне жүгінбеуді ұсынады.

Өкпенің созылмалы аурулары (астма, эмфизема) бар адамдар ұйықтататын дәрілерден зардап шегуі мүмкін. Себебі препараттар тыныс алуды қиындатуы немесе баяулатуы мүмкін. Сондай-ақ олар тыныс алу жеткіліксіздігі қаупін арттыруы мүмкін.

Оларды жүрек аритмиясы, бауыр және бүйрек аурулары кезінде ішуге болмайды.

Жүктілер мен емізетін әйелдерге де оларды ішу ұсынылмайды. Себебі олар координацияны бұзып, зақым алу қаупін арттырады. Сондай-ақ ол есте сақтауды нашарлатуы және депрессияық жағдайға ұшыратуы мүмкін.

Егде жастағы адамдар ұйқы бұзылуын емдеудің балама әдістеріне мән бергендері дұрыс. Себебі олар ұйықтататын дәрілердің қосымша әсерлерін жиі өткереді.

А. Жапатова