Қол алысу арқылы жұғуы мүмкін 8 ауру

Қол алысу арқылы жұғуы мүмкін 8 ауру
Фото: unsplash.com

Қол алысу — көптеген елдерде әдетке енген амандасу дәстүрі. Қол алысу арқылы алғыс айтамыз, келісімге келеміз және бір-бірімізді маңызды сәтпен құттықтаймыз. Алайда ол арқылы қауіпті ауру жұқтырып алуымыз да әбден мүмкін.

Мерез

Мерез негізі жыныстық жолмен жұғады. Мерездік түзілімдер жыныстық органдарда жылдам дамиды. Алайда, жеке гигиенаны дұыс сақтамау жаралардың алақанда да түзілуіне әкелуі мүмкін. Ұзақ қол алысу кезінде осы ауру шақыратын ағарған трепонема бір адамнан екінші адамға жұғады. Мұндайға жол бермес үшін қорғалмаған жыныстық қатынастан аулақ болыңыз және бүкіл дене гигиенасын сақтаңыз.

Ерін ұшығы

Ұшықтың бұл түрі өте кең тараған. Бұл кезде ерінде үлбіреген жара шығады. Зақымдалған жердегі тері беті көпіршік бөртпелерге толады. Ол сезімтал болады және қышиды. Оны ернінде ұшығы бар адаммен қол алысу арқылы да жұқтырып алуға болады.

Қышыма

Бұл ауру терінің жоғарғы қабаттарында өмір сүретін қотыр кенесінің қозып, сол жерде өз жұмыртқаларын қалдыруына ықпал етеді. Қотыр кенесінің жиі өмір сүретін жерлеріне қол мен саусақтар аралығы жатады. Жылдам қол алысу кезінде қышыманы жұқтырып алу қаупі төмен болғанмен, ол мүмкін нәрсе. Қышыманың негізгі белгісіне терінің қышуы жатады. Ол, тіпті, түнде де қышуын тоқтатпайды. Сондай-ақ, теріге бөртпе және жаралар шығуы мүмкін.

Тыныс алу органдарының асқынған аурулары

Бактериялық-вирустық аурулардың бұл тобы жоғары тыныс алу жолдарының зақымдалуы, түшкіру, жөтел, тамақ ауруы және температураның көтерілуімен сипатталады.

ЖРВИ белгілері бар адамдар алғашқы 3-5 күнінде айналасындағыларға қауіп төндіреді. Бұл кезде басқа адамдармен тығыз байланысудан бас тартқан жөн: қол алысу, құшақтасу және сүю. Отбасы мүшелерінің ауырып қалу қаупін азайту үшін бөлек ыдыс пен сүлгі қолданған дұрыс. Сондай-ақ жөтелгенде және түшкіргенде ауыз бен мұрынды қолмен жабу әдетінен арылыңыз. Егер қолыңызда орамал немесе қағаз майлық болмаса, шынтақтың бүгілетін жеріне түшкіру немесе жөтелу керек.

Тері зең аурулары

Дерматомикоз немесе тері зең аурулары да қол алысу арқылы жұға алады. Жоғары қауіпті топқа тері иммунитеті әлсіз адамдар жатады. Тері зең ауруларының негізгі белгілеріне мыналар жатады:

- тері түсінің жергілікті өзгеруі, қызыл дақтардың пайда болуы;
- ылғал жаралар немесе жырықтардың қабыршақтануы және қышуы;

Сальмонеллез

Сальмонеллез — кең тараған ішектер жұқпалы ауруларының бірі. Ол ересектерге де, балаларға да қауіпті. Бұл ауру жоғары температурамен, іш өтумен және уланумен сипатталады. Терінің бозаруы, іштің кебуі және іштің қатты ауыру да ағзада жұқпаның барын ескертеді. Сальмонеллезді су қоймаларынан немесе жұқпасы бар және гигиена нормаларын сақтамайтын адаммен қол алысу кезінде  жұқтырып алуыңыз мүмкін.

Қантышқақ (дизентерия)

«Лас қол ауруы» немесе қантышқақ — ішектер аурулары тобына жататын жұқпа. Оның негізгі белгілеріне мыналар жатады:

- дене температурасының көтерілуі;
- іштің ауыруы және оның бұрап ауыруы;
- қан аралас нәжіс шығару;
- нәжіске нәтижесіз шақыру.

Қантышқақты тамақ жеген кезде немесе сапасы күмәнді су ішу арқылы жұқтырып алуыңыз мүмкін. Гигиенаны дұрыс сақтамайтын адаммен қол алысу да бұл ауруды жұтырып алуға себеп бола алады. Мұндай жағдай орын алмас үшін қолды жиі сабынмен жууды ұмытпаңыз және азық-түліктің сақтау шартын орындап, жарамдылық мерзімін тексеріп тұрыңыз.

Папиллома вирусы

АПВ — эпителий жасушаларында көбейетін 200-ден аса вирустың жалпы атауы. Адамның папиллома вирусы теріге жиі жырықтар немесе кішкентай зақымдар арқылы тап болады. Егер жеке гигиенаны дұрыс сақтамаса, бұл вирус адамның алақанына да түседі.

Қол алысу арқылы шынымен де кей ауруларды жұқтырып алу мүмкін болғанымен, бұл әркез бола бермейді. Оған мына факторлар әсер етеді:

- Адамның жалпы денсаулық жағдайы. Иммунитетіміз қаншалықты төмен болса, оның ағзаға жұқпаның кіруіне қарсы тұруы соншалықты қиын бола түседі.
- Тері жағдайы. Егер теріде қабыну немесе ашық жаралар болса, ағзаға жұқпаның кіру қаупі артады.
- Жанасу ұзақтығы. Ұзақ қол алыссаңыз, микробты алмасу мүмкіндігі жоғары болады.

А. Жапатова