- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жұқпалы аурулар, қой...
Жұқпалы аурулар, қой майының тестостеронға әсері – урологпен сұхбат
Қазіргі таңда медицинаның урология саласындағы өзекті тақырыптардың бірі – ерлердің қуық асты безінің сырқаттары. Сонымен бірге ер адам жыныстық қатынас кезінде жұғатын ауру түрлерін және одан келетін қауіпті білмейді. Осыған орай Массагет порталы уролог-андролог Есенай Сырымұлымен ерлер арасында ең кең тараған ауру түрлері, мастурбация зияны, халық емінің пайдасы туралы сөйлесті.
Простатит ауруы жасарып бара жатыр
Ерлерді 20-45 жас аралығында көбіне простатит мазалайды. Кейінгі жылдары бұл ауруммен ауыратын ерлер жасы да жасарып келеді. Бұрын 20-дан асқасын белгілер байқалса, қазір 18-20 жастағы жігіттер де простатитке шалдығып жатады.
Простатит дегеніміз – қуық асты безінің қабынуы. Оның себептері өте көп. Суықтағаннан, иммунитет түсіп кетсе, түрлі жұқпалы аурулармен ауыратын болса және тұрақты жыныстық қатынасқа түспесе ауру белгілері пайда болады.
Простотаны емдемесе немесе дұрыс ем қабылдамаса, соңы аденомаға алып келуі мүмкін. Яғни ол қуық асты безінің қатерсіз ісігі деп аталады. Сондықтан ерлер дер кезінде тексерістен өтіп, денсаулығына қарап, емделіп тұрғаны дұрыс.
Уролог-андролог Есенай Сырымұлы
Хламидиозды ер адамдар біле бермейді
Ерлер арасында көп таралған инфекциялар гонорея, трихомонада және хламидия. Мысалы, хламидия бактериясы 90 пайыз ерлерде табылып жатады. Хламидиядың қауіптілігі – ағзада ешбір белгі білдірмейтіндігі. Індеттің бар-жоғын анықтау үшін арнайы медициналық тексерулерден өту қажет.
Оның бір жаман жері ерлердің жұмыртқасына суық тиіп, қуық жолдары ісініп, кей жағдайда қызарып, дәрет сындыра алмайтындай жағдайға түседі. Әйелдерде түсік жасауға алып келеді. Хламидиоздың алғашқы белгілері сұйықтық түсінің өзгеріске ұшырауы, іштің төмен жағының бүріп ауыруы әйелдер ағзасындағы асқынған хламидияның көрсеткіші. Еркектерде де сұйықтық мөлшерден көп бөлінеді. Хламидия әрқашан жаныстық қатынас арқылы жұғады. Оның салдары белсіздікке алып келеді.
Ерлерде тағы бір кездесетін проблема ұрық сапасының төмендеуі. Оның себебі - варикоцеле ауруы. Ол негізінен 10 жастан бастап, балалардың сол жағында пайда болады. Варикоцеле дегеніміз, ерлер мүшесіндегі көк тамырдың кеңіп кетуі. Оны біз елемей, білмей жүре береміз. Тек жігіттер әскери медициналық тексерістен өтуге барғанда ғана біліп жатады. Егер оған ота жасатпаса, аталық без кішірейіп кетеді. Ұрық сапасы төмендеп, белсіздікке алып келеді.
Жыныстық қатынаста тез бітірудің 5 себебі
Оның 5 түрі бар. Атап айтар болсақ: психогенді, қан тамыр жетіспеушілігі эрективті дисфункциясы, гормоналды, эрогенді, аралас түрі бар.
Психоген негізінен жас балаларда пайда болады. Оның негізі порно көріп, мастурбация жасау. Соның салдары кейіннен порно тәуелділікке алып келеді, әйеліне көңілі толмайды. Осының бәрі ердің психологиясына әсер етеді, өзіне сенімі жоғалады. Гармондардың деңгейі тұрақты бөлініп тұрмайды, мүшесінің басы сезімтал болады.
Қан тамыр жетіспеушілігі эрективті дисфункциясына әсер ететін простатит ауруы. Өйткені қантамырдан мүшеге қан дұрыс келмейді. Одан кейінгі себебі қант диабеті. Сондықтан қан тамырлары әлсіреп, мүшеде қысым болмайды. Ерлер толыққанды эррекция алмайды. Бұдан негізінен 40-50 жастағы ерлер зардап шегеді. Бірақ кейінгі уақытта бұл ауру түрі де жасарып, 30 жастағы ерлерде кездесіп жатыр.
Простатиттің соңы қатерлі ісікке алып келеді
Простатитті емдемейтін болсаңыз, ұрық сапасының төмендеуіне алып келеді. Одан бөлек кіші дәрет бұзылады. Кіші дәрет қуықта қалып кетеді, кіші дәреттен кейін мүшенің ашуы байқалады. Жыныстық қатынас кезінде де дискомфорт болады. Сонымен қатар ол асқынып кетсе, адонема простатасына айналады. Яғни қатерсіз ісік пайда болады. Оның көлемі өсе береді. Салдары жедел зәр кідірісіне алып келеді, яғни, зәр шықпай қалады. Зәрді шығару үшін ота жасалады. Кей жағдайда эписистома қойылады. Ол дегеніміз қуықтың жанынан шланга шығарады. Кейін ондай адам өмір бойы шланга арқалап жүреді. Ал ота жасатқанның өзінде бұл жағдай 2 жылда бір рет қайталанып тұрады. Тағы бір жаман жері аденоманың қатерлі ісікке айналып кетуінде.
Мастурбация тестостерон гармондарын азайтады
Мастурбация ерлерде ең алдымен жаңа жоғарыда айтып кеткеніміздей, психогенді эрективты дисфункциясына алып келеді. Мастурбация дегеніміз – еркектің өз мүшесін қолмен уқалау арқылы шәуетті сыртқа шығаруы. Содан қанағаттануы. Мастурбация зияны ер мүшесінің басындағы сезімталдықты жоғарылатады кейде төмендетеді. Егер ерлер көп жасайтын болса, мида серотонин, адреналин, дофамин сияқты гармондар тез бөлінеді. Оның салдарынан тестостерон гармондары қанда тұрақты түрде сақталып тұрмайды. Ол тұрақты түрде сақталмағаннан кейін ер адам ерте оргазм алады. Өйткені оның қанында тестостерон аз болады.
Жылқыға жайдақ мініп простатаны емдеуге бола ма?
Простататаның асқынған түрінде оның пайдасы жоқ. Бірақ жалпы простата безіне пайдасы бар. Себебі, атты жайдақ мінгенде жылқының ыстық температурасы әсер етеді, сосын жорғалап жүргенде кіші жамбас астауын ұрады. Бұл простата безін массаж жасағандай әсер етеді. Постата безі массажды жақсы көреді. Соның себебінен қан айналымы жақсарады. Бұл простата ауруының өршуін болдырмайды. Бұрын ата-бабамыз простатит ауруын білмеген ғой. Себебі үнемі аттан түспей жүрді.
Кеш үйлену, жыныстық қатынасқа түспей, "девственник" болып жүрудің денсаулыққа зияны
Үйленбей, жыныстық қатынасқа тұрақты түспей жүре берсе, бір күні тестостерон айтады: "Бұған жыныстық қатынас, мына мүше керек емес екен" дейді де, орына басқа нәрсе бөле бастайды. Қалыпты көрсеткіш 27 болса, ондай жағдайда 4-5-ке дейін түсіп кетеді. Либидосы төмен түседі, яғни, әйелге деген қызығушылығы жоғалады. Потенциялық қуаты әлсіз болады. Таңғы эрекция болмайды. Кейін жыныстық қатынасқа түскеннің өзінде де тез бітіріп қояды, қан айналымы дұрыс болмайды. Простатитке шалдығады. Ұрық сапасы төмендейді. Үнемі тұмау жұқтырады. Сондықтан жігіттер уақытылы үйлену керек. Үйленбейтін болса, қуық асты безінде калцинаттар дамиды. Калцинат дегеніміз – ұрық шығару өзектерінде тастардың жиналуы. Соның салдарынан кеш үйленген азаматтарда азоспермия дамиды. Бұл ерте бітіру, екінші рет жыныстық қатынасқа ынтаның болмауы, мүшенің әлсіз, бос тұруына алып келеді. Ер адамдар 25-ке дейін үйленгені дұрыс. Сол уақытта гармондар жақсы жұмыс істейді.
"Саумал, қымыз ішсең, белсіздіктен, простатиттен құтыласың" деген сөз рас па?
Саумалдың бір жақсы жері иммунитетті жоғарылатады. Оның құрамында белоктар көп. Ал, гормон белоктан тұрады. Бүкіл жасушалар құрылыс ретінде белокты пайдаланады.
Қойдың майы тестостерон көтермейді
Қойдың майы тестостерон көтереді дегенмен келіспеймін. Оны ата-бабамыз не үшін қолданған? Адам тұмаумен ауырғанда, жөтелгенде қолданған. Ал, оның тестостеронға қатысы жоқ.
Үйленейін деп жатқан ер азаматтар урологтың кеңесінен өтуі керек
Жалпы, үйленейін деп жатқан ер азаматтар урологтың кеңесінен өтуі керек. Жыныстық сауаттылық бойынша, инфекция бойынша, гармондардың деңгейі, ұрық сапасы бойынша кеңес алады. Одан бөлек эрективті дисфункциясы бар-жоқғына көз жеткізеді. Сол бойынша ем қабылдайды. Бұл ерлердің көптеген жұқпалы аурулардың алдын алуына көмектеседі. Ерлер жылына 1 рет урологтың кеңесіне жүгініп тұрғаны дұрыс.
Т. Раушанұлы