Неліктен тұзды тамақ жегіңіз келе береді?

Неліктен тұзды тамақ жегіңіз келе береді?
Фото: pixabay.com

Әр адамның күнделікті рационында міндетті түрде тұз болады. Оның құрамындағы натрий мен хлор ағзаға сулы және қышқылды-сілтілік тепе-теңдікті қалыпта сақтау үшін қажет. Сондай-ақ ол асқорыту жүйесінің тұрақты жұмысы үшін керек. Бірақ рационда тұздың көп болуы оның жетіспеуі секілді кей проблемаларға әкеледі. Неліктен тұзды тамақ жегіңіз келуі мүмкін екенін және онымен күресу үшін ағзаға қалай көмектесуге болатынын ұсынамыз.

Ағзаға натрийдің жетіспеуі

Қатты тұзды тамақ жегіңіз келе беру ағзаңызға натрийдің жетіспейтінін білдіруі мүмкін. Әдетте, бұл элементтің тапшылығы жүктілік немесе тұзсыз диеталар кезінде пайда болады.

Сондай-ақ, ағзадағы басқа да электролиттердің, мысалы, кальций, мырыш, магнийдің жетіспеушілігі де тұзды бірдеңе жегіңіз келуіңіздің себебі бола алады. Бұл жағдайда ілеспелі белгілерге тері құрғақтығы, жиіленген жүрек соғуы, тәбеттің нашарлауы, жүрек айну және бұлшықеттер әлсіздігін жатқызады.

Ағзадағы натрий жетіспеушілігінің орнын толықтыру үшін рационыңызға көбірек теңіз өнімдерін қосыңыз. Тауық жұмыртқасы, үрмебұршақ, қарақұмық та натрийге және денсаулыққа қажетті басқа да макроэлементтерге бай.

Аддисон ауруы

Бұл эндокринді ауру өте сирек кездескенмен, оны тұзды тамаққа құмарлықтың пайда болу себептерінің тізімінен алып тастауға болмайды. Аддисон ауруы адамның бүйрек үсті бездері өндіретін гормондар мөлшерінің азаюына әкеледі. Нәтижесінде, артериялық қысым төмендейді, астения (тез шаршау) және терінің қалыптан тыс пигменттелуі пайда болады. Ал натрийді біраз жоғалту адамды тұзды тамақты көп жеуге итермелейді, сондай-ақ ол іш ауруымен және дәрет проблемасымен қиналады.

Аддисон ауруының пайда болуына ықпал ететін негізгі себептер қатарына туберкулез, бүйрек үсті бездерінің зақымдалуы және гипофизді жатқызады. Бұл аурудың бар-жоғын және оның даму деңгейін тек маман ғана анықтай алады.

Құрғау

Бұл жағдай іш өту немесе құсу нәтижесінде кей аурулар фонында дамуы мүмкін. Қарқынды физикалық еңбек немесе спортзалда жаттығу да сусыздануға әкеледі. Бұл ағзадан термен бірге натрийдің көп мөлшері шығуына байланысты.

Су-тұзды тепе-теңдікті қалыпқа келтіру үшін жаттығудан соң лимон немесе лайм шырыны қосылған газдалмаған минералды су ішу ұсынылады. Банан, өрік, мейіз және жаңғақтар тұзға құмарлықпен күресуге көмектеседі.

Күйзеліс

Көп тұзды тамақ жеуді қалау ағзаның депрессиямен күресу үшін жүгінетін бір әдісі болуы мүмкін. Бүйрек үсті бездері арқылы кортизон гормоны босайды. Ал ол өз кезегінде артериялық қысымды реттеуге және күйзеліске реакцияға жауап береді.

Егер тұзды бірдеңе жегіңіз келсе, сүзбе ірімшік (брынза) немесе майшабақты таңдаңыз. Олардың құрамында пайдалы майлы қышқылдар мен кальций көп.

Жүктілік

Жүктілік кезінде әйел ағзасы тамырларды босаңсытатын прогестеронды еселеп бөледі. Сондықтан ұйқышылдық, жүрек айну және басқа да жағымсыз белгілер пайда болады. Бұл жағдайда ағза натрий жетіспеушілігін және қысымды қалыпқа келтіру үшін тұзды қажет етеді.

Өзіңіздің және құрсақтағы балаңыздың денсаулығына зиян келтірмес үшін тұтынып жатқан тұз мөлшерін бақылау маңызды. Егер жүктіліктің соңғы айларында тұзды тамаққа құмарлығыңыз азаймаса, дәрігерге қаралу керек. Оның себебі әлсіз иммунитет, ақуыз жетіспеуі немесе қатты күйзеліс болуы мүмкін.

А. Жапатова