Тері саулығы үшін не маңызды? – дерматолог кеңесі

Тері саулығы үшін не маңызды? – дерматолог кеңесі
Фото: pixabay.com

Жылдың төрт мезгілінде де өзектілігін жоғалтпайтын бір мәселе болса, ол – тері күтімі. Тері күтіміне қатысты сұрақтардың барлығын бір сұхбатта қамту мүмкін емес әрине, дегенмен біз бүгінгі сұхбатымызда бірнеше негізгі сауалдардың жауабын алуға тырыстық. Назарларыңызға А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының дерматолог дәрігері Альфия Розыевна Жахметовамен болған сұхбатты ұсынамыз.

1. Қандай тері аурулары кезінде дәрігердің консультациясын кейінге қалдыруға болмайды?

Теріге қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда дәрігерге баруды кейінге қалдыруға мүлдем болмайды, өйткені ол жұқпалы тері аурулары, тері бөртпелері бар аутоиммундық аурулар болуы мүмкін. Сондай-ақ басқа да аурулар кезінде теріге түрлі бөртпелер, дақтар шығады. Аурудың ауырлық деңгейін және жұқпалылығын тек дерматолог дәрігер ғана анықтай алады.

2. Адам жұқпалы тері ауруларын қайдан жұқтыруы мүмкін?

Жұқпалы тері ауруларын жануарларды ұстау кезінде, сонымен қатар осы ауруға шалдыққан адаммен байланыста болғанда, науқас адамға тиесілі заттарға жанасқанда жұқтыру қаупі бар.

3. Терінің жай-күйі тамақтануға байланысты деген рас па?

Терінің жай-күйі өмір салтына, әсіресе, тамақтануға, асқазан-ішек жолдарының жай-күйіне, гормоналды жүйеге, ағзада паразиттердің бар-жоғына тікелей байланысты.

4. Еріннің құрғап кетуі қандай аурулардың алғашқы белгісі?

Еріннің кеберсуі бірінші кезекте А және Е дәруменінің жеткіліксіздігінен, АІЖ жұмысындағы бұзылыстардан, қалқанша безіндегі мәселелерден хабар береді.

5. Теріге ультракүлгін сәулелердің зиян тигізген-тигізбегенін қалай білуге болады?

Ультракүлгін сәуленің теріге теріс әсер тигізгенін лихенификация, терінің қызаруы, күюі, құрғауы кезінде байқай аламыз.

6. Беттің бөртуіне диета әсер ете ме?

Беттің бөртуіне тамақтану да әсер етеді. Ағзадағы және ағза жүйелеріндегі бұзылыстар, қоректік заттарды сіңірудің бұзылуы, зиянды өнімдерді тұтынудың салдары (фастфуд, газдалған сусындар, қуырылған тағамдар, тәттіні көп мөлшерде жеу) сияқты ағзадағы мәселелер кезінде көптеген адамдарда тері және тері-аллергиялық аурулар пайда болады.

7. Тері саулығы үшін не маңызды?

Терінің саулығы үшін өмір салты, тамақтану, жалпы ағзаның саулығы маңызды. Уақытылы тексерулерден, скринингтерден өтіп тұру керек, салаатты өмір салтын ұстану қажет, сонымен қатар су режимін бақылап, дер кезінде алдын алу шараларын жасау да үлкен маңызға ие.

Н. Үсенова