- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қорылдап ұйықтаған зиян...
Қорылдап ұйықтаған зиян ба?
Жалпы мамандардың айтуынша, қорылдағанның зияны жоқ. Шаршаған адамның қорылдап ұйықтауы қалыпты деседі. Алайда жиі қорылдау, қатты қорылдау сынды белгілері аурудан хабар беруі мүмкін дейді мамандар.
Мәселен, клиникалық медицинаның адъюнкт-профессоры, доктор Радж Дасгупта (АҚШ, Калифорния университеті) қорылдың денсаулыққа зиян ба әлде қалыпты жағдай ма – осы екеуін ажырату үшін мынадай белгілерге мән беру керегін айтады.
"Ең алдымен, қорылдың үніне, дыбыс қаттылығына мән беріңіз. Адамның қатты қорылдауы жақсы емес. Бұл жерде "қатты қорылдау" деп нені айтамыз? Егер қорылдаған адамның дауысы келесі қабырғадан өтіп, келесі бөлмедегі адамға естіліп жатса, бұл дегеніміз нағыз қатты қорыл", - дейді дәрігер.
Доктордың айтуынша, түнде көп қорылдайтын, әсіресе, дем жетпей, тыныс ала алмай қорылдайтын адамның ұйқысы шала болады. Сондықтан күні бойы шаршаңқы, назары шашыраңқы жүруі мүмкін. Ұйқы қысуы да содан.
"Ұйықтап жатып тыныс жетпей, оянып кететіндер болады. Бұл да жақсы нәрсе емес. Ең дұрысы дәрігерге қаралғаныңыз жөн", - дейді Радж Дасгупта.
Дәрігердің айтуынша, жиі қорылдаудың бір себебі – қан қысымынан болуы мүмкін. Әсіресе, жоғары қан қысымы бар (гипертония) адамдар түнде қатты қорылдап, дем жетпей қысылуы мүмкін.
"Дем жетпеген кезде адам ағзасында стресс гормондары бөлініп, содан қан қысымы көтеріледі", - дейді ол.
Оның айтуынша, салмағы көп, мойыны жуан адамдар да қорылдауға бейім келеді екен.
Қ. Слямбек"Семіз адамның артық салмағы мойын мен көмейге қысым түсіреді де, ағзаға ауа жетпей, қорыл пайда болады. Адамның өзі түнде қорылдап ұйықтайтынын білмеуі мүмкін. Тынысы жетпей, дем тарылуын да сезбеуі мүмкін. Бірақ семіз адамның көбі түнгі апноэден (дем жетпеу) зардап шегеді", - дейді Дасгупта.