Бүйректі "отырғызатын" әдеттер

Бүйректі "отырғызатын" әдеттер
Фото: hyser.ua

Бүйрек – қандағы қалдық пен улы заттарды, ағзадағы артық суды шайып, тазалап отыратын, өмірлік маңызы бар ағза. Бір жағынан бүйрек өте шыдамды, ауырса да "сыр білдірмейтін" мүше. Содан болса керек, көбіміз бүйректен "кетіп жүргенімізді" білмей де қаламыз. Ауру асқынғанда барып бір-ақ сеземіз.

Ал бүйректі ауруға шалдықтыратын – өзіміздің немқұрайлығымыз бен жаман әдеттеріміз. Мәселен, тұзды тағам жеу, суды аз ішу, зиян әдеттерге бар – осының бәрі бүйректің "отыруына" әкеледі.

Бұдан басқа тағы да әдеттер бүйрекке зиян екен, соны біле жүрейік.

Су ішпеу. Адам ағзасының 80 пайыз суден тұратынын бәріміз білеміз. Су – тіршілік нәрі. Әрі бүйрек амандығының кепілі. Ағзада су жетіспесе, гидратация процесі дұрыс жүрмейді. Су жетпесе, бүйрек әлсіз күйге түседі. Тіпті, құрғауға тап болуы мүмкін. Сондықтан ағзада су балансын ұстау үшін, ауыз су көбірек ішіңіз. Шай мен газды сусынның орнына кәдімгі ауыз су ішуді әдетке айналдыңыз.

Тұзды тағам жеу. Бүйрек ағзадағы тұз тепе-теңдігін ұстап тұратын мүше. Тұзды тағам көп жеген адам гипертонияға шалдығуы мүмкін. Ал бұл бүйрек жұмысына зиян тигізетін процесс.

Ішімдік ішу. Ішімдік улы зат болғандықтан, бүйректің әлсізідігіне әкеледі. Әрі гипертонияны қоздырады.

Ауруды басатын дәрілерді ішу. Ауру басатын дәрілерді ішу қазір күнделікті әдетке айналды. Кейде ішуге тура келетін сәттер болады. Ондайда ішіңіз. Ал қалған жағдайда барынша тартынғаныңыз жөн. Ауруды басатын препараттар бүйрек жасушасын зақымдауы мүмкін.

Шылым шегу. Темекі шегу бүйректе қатерлі ісіктің пайда болуына әкеледі. Барынша шылымның түтінінен аулақ болуға тырысыңыз.

Фаст-фуд жеу. Жылдам әзірленетін тағамдардың көбі майлы (трансмай) әрі қуырылған. Ал бүйрекке қуырылған тағамдар жақпайды.

Қ. Слямбек