• 521.98
  • 490.7
  • 5.16

Газдалған су ішкен зиян ба?

Газдалған су ішкен зиян ба?
Фото: fishki.net

Тағамданушы мамандар мен дәрігерлер адамның күнделікті ішкен суы 2-3 литр болуы тиіс деп жиі айтады. Ағзадағы сұйықтықты толтырамыз деп су ішуді әдетке айналдырған жан көп-ақ. Жай суды ішкен жөн, бірақ газдалған минералды су да кәдімгі ауыз су ғой деп іше беретіндер бар. Ендеше бұл қаншалық дұрыс, соны қарастырып көрейік.

Интро: Ауыз суды газдаған кезде құрамындағы пайдалы заттар біршама жойылып кетеді. Ал ең қауіптісі – газдалған судың газ құрамы тістің эмалін құртып жібереді.

Газдалған ауыз суды көмірқышқыл газын қосу арқылы жасайды. Содан судың құрамындағы көмірқышқыл көбейіп, ортаның қышқыл деңгейі (pH) 3-4-ке дейін түсіп кетеді.

Көмірқышқыл әсіресе тіске өте зиян. Тістің сыртын қаптап тұрған – эмаль қабаты – адам ағзасында ең берік ұлпа. Эмаль гидроксиапатит (кальций мен фосфордың қосындысы) минералынан тұрады. Ал адамның сілекейінде кальций және фосфат-ионы болады. Тіс пен сілекейдің құрамындағы минералды заттар бір-бірімен теңдес келеді. Ауыз қуысы мен сілекейдегі қышқыл ортаның деңгейі (рН) – 6-7-дей. Егер осы қышқыл ортаның деңгейі 5,5-тен төмендеп кетсе, кальций мен фосфат молекуласы тістен еріп түсіп, сілекейге қосылады. Жоғарыда айтылғандай, газдалған сусын ауыз қуысындағы қышқыл деңгейін түсіріп жіберетін процесті іске қосады да содан тіс зиян шегеді.

Ал кальций мен фосфаттан айырылған тістің эмалі де нашарлай бастайды. Басында тісте тесік-шұрық пайда болады. Кейін олар үлкейіп, эмальдің мүлде құртылуына әкелуі мүмкін. Бұл процесс басталғанда-ақ тоқтатуға болады. Мәселен, тістен еріп кеткен кальцийді қайта қалпына келтіріп, фосфат-ионының орнына фтор-ионын әкеп жақса, тістік қабығы жақсаруы мүмкін. Алайда тістің минералды қабаты белгілі бір деңгейден төмен түсіп кетсе, онда эмальді қайтару қиын. Тістің қорғаныш қабаты толық құртылады.

Егер адам газдалған сусынды жиі ішсе, ауыз қуысында жоғарыда айтылған құбылыстар орын алып, тісінен мүлде айырылуы ғажап емес.

Одан бөлек, газдалған ауыз су гастрит пен басқа да асқазан ауруларын асқындырып жіберуі мүмкін. Қышқыл су асқазан қышқылының көбеюіне әкеледі.

Қ. Слямбек