Ісінуді басуға көмектесетін 10 кеңес

Ісінуді басуға көмектесетін 10 кеңес
Фото: crello.com

Кей күндері көзіңіз, саусақтарыңыз немесе аяқтарыңыз ісіп тұрады. Бұл ағзада сұйықтықтың тұрып қалғанын білдіреді. Бұлай ісінуіңіздің себебі сіз байқамайтын кей күнделікті әдеттерде болуы мүмкін. Ісінуден құтылуға көмектесетін 10 кеңес ұсынамыз.

Ағзада сұйықтықтың тұрып қалуына әсер ететін күнделікті әдеттерге мыналар жатады:

- ұзақ уақыт бүкірейіп отыру (мысалы, компьютер алдында);
- зат алмасудың бұзылуы және рационда тұз мөлшерінің көп болуы;
- артық салмақ;
- аз қозғалысты өмір салты және көмірсулы немесе ақуызды тамақты мөлшерден тыс көп жеу;
- зиянды әдеттер;
- күйзеліс пен созылмалы ұйқысыздық.

Ісінуден құтылу үшін және тағы да ісініп кетпес үшін төмендегі қарапайым кеңестерге көз жүгіртіңіз:

Күні бойына аз уақытқа болса да жаттығуға уақыт бөліңіз
Ағзада сұйықтықтың жиналуына ықпал ететін бұлшықеттер гипертонусынан арылу үшін басты айналдыра қозғаңыз және қол мен иыққа арналған жаттығулар жасаңыз. Әр 1,5-2 сағат сайын жұмыс орнынан тұрып, қысқа жаттығулар жасауға уақыт бөліңіз.

Өзіңізге жеңіл массаж жасаңыз
Бетке арналған таңғы лимфодренажды массаж тіндерден артық сұйықтықты шығаруға көмектеседі. Ол сондай-ақ тері жағдайын жақсартады және қартаю процесін баяулатады.

Бір орында тұрып секіріңіз
Бір орында тұрып секіру лимфа ағысын және микроайналым арнасын жақсартуға ықпал етеді. Мұндай секірулер ағзадан артық сұйықтықтың шығуына көмектесу үшін оны ашқарынға орындаған жөн. Секіру кезінде еденнен қатты көтерілудің қажеті жоқ, бастысы оны жылдам темпте орындау керек: бір орында тұрып 100 рет секіруге болады.

Лимон қосылған су ішіңіз
Таңертең лимон қосылған су ішудің бірнеше пайдасы бар. Біріншіден, ол зат алмасуды ретке келтіреді. Екіншіден, лимон суы ағзадағы артық сұйықтықты шығаруға көмектеседі.

Бетті ыстық және суық сумен кезектестіре жуыңыз
Таңертеңгі беттің ісуін кетіру үшін оны әр 10-15 секунд сайын ыстық және суық сумен кезектестіріп жуып көріңіз.Бұл тіндердегі қанайналымды жақсартады.

Таза ауаға шығыңыз
Жатын бөлмені жиі желдету және далаға таңда немесе кешке серуендеуге шығу қан айналымды жақсартады және ісінуді басады.

Дұрыс тамақтаныңыз
Ісінуден арылу үшін рационға ағзадағы су-тұз теңгерімін қалыпқа келтіруге ықпал ететін өнімдерді қосуға кеңес береміз:

- тұз бен дәмдеуіштер қоспай, суға қайнатылған қарақұмық;
- алма;
- калий мен магнийге бай жидектер;
- болгар бұрышы;
- қияр;
- ақжелкен.

Уақытылы ұйықтаңыз
Ағзада судың тұрып қалуын азайту үшін тәулігіне 8 сағаттн аз ұйықтамаған жөн. Дұрыс ұйқы зат алмасуды қалыпқа келтіруге және таңертең беттің немесе дененің ісінуінің алдын алуға көмектеседі.

Темекі мен алкогольден бас тартыңыз
Алкогольді өнімдерді ішу және темекі тарту адамның физикалықпен қатар, психоэмоционалды жағдайына да жағымсыз әсер етеді. Жағымсыз иіс, мастықтың салдары және ісіну алкогольдің су молекулаларын өзіне тарту және ұзақ уақыт ұстап тұру қабілетімен байланысты.

Ұйықтауға 3 сағат қалғаннан бастап су ішпеңіз
Бұл әдет ағзадағы артық суды шығаруға және ісінбеуге көмектеседі. Ағза сусызданбас үшін және тері тонусын сақтау үшін күннің бірінші жартысында 1,5-2 л су ішуге тырысыңыз.

А. Жапатова