Жүрек ұстамасының айқын емес белгілері

Жүрек ұстамасының айқын емес белгілері

Кейде жүрек ұстамасы басқа ауру секілді немесе аса білінбейтін белгілермен басталуы мүмкін. Қауіпті сәтті жіберіп алмай, өзіңіздің немесе біреудің өмірін құтқара алу үшін ол туралы не білу керек?

Жүрек ұстамасы — жүрек бұлшықеттері жеткілікті мөлшерде қанмен қамтамасыз етілмегендіктен ишемия мен некроздың дамуынан пайда болатын ауыр патологиялық жағдай. Жүрек бұлшықетінің некрозын медицинада миокард инфаркты деп атайды. 

Егер оның белгілері байқалғаннан кейін алғашқы 10-15 минутта "алғашқы көмек" шақырылған болса, медицина жүрек ұстамасының себебінен болатын өлімді 10 есе азайта алады. Сондықтан оның алғашқы және айқын емес белгілерін білу маңызды. 

Алдымен жүрек ұстамасының пайда болу механикасын қарастырайық. Ол жүрекке артерия бойынша қан құйылуы едәуір немесе толықтай тоқтап қалғанда пайда болады. Жүрек бұлшықетінің бір бөлігінің өліп кетуіне аз уақыттың өзі жеткілікті. Мысалы, миокарда инфаркының дамуына артерияның 15-30 минутқа жабылып қалуы жеткілікті. Сондықтан жылдам әрекет ету керек. Енді басталған жүрек ұстамасының белгілері еркектер мен әйелдерде әртүрлі көрінуі мүмкін.

Кеуде тұсы, қол, арқа, мойын немесе жақтың ауыруы

Бұл — жүрек ұстамасын ескертетін негізгі белгілерінің бірі: ол еркектер мен әйелдерде бірдей жиілікте пайда болады. Бұл кезде емделушілер кеуде тұсының қысып ауыратынын айтқан. Жүрек қауіпті жағдай жайлы дененің басқа бөліктерінің жүйке ұштарының шеттері арқылы белгі береді. Ауру арқаға, ішке, иыққа, қолға, мойынға, желкеге және жаққа берілуі мүмкін. Мойын мен жақ ауыруы жиі кеуде тұсы ауырмай-ақ пайда болады.

Дәрігерлер арқаның жоғарғы жағы қызып және шаншып ауыратынын айтады. Сондай-ақ, оң қолға қарағанда сол қол жиі ауыратыны байқалған: бірақ бұл заңдылық барлық жағдайда бірдей сақталмайды. Дегенмен, дененің жоғарғы бөлігінің ауыруы — кідірмей, медициналық көмекке жүгінуге бір себеп. 

Шаршау (ауырайын деп тұрғандай)

Жүрек ұстамасы болған адамдардың көбі бұл жағдайға дейін шамамен бір ай бойы себепсіз қатты шаршап, өздерін әлсіз сезінген. Сондай-ақ тершеңдік, демікпе, денесінің сырқырап ауыруы және басқа да жұқпалы аурулардың белгілері байқалған. Кейбіреулер ангина мен тұмау кезіндегі белгілерді сезген.

Бас айналу

Бас айналу немесе тіпті, тәлтіректеу де жүрек ұстамасының белгісі болуы мүмкін. Қанайналым нашарлайды, сондықтан жүрек пен миға оттек жетіспейді: нәтижесінде, бас айналады. 

Жүрек айну

Егер тамаққа немесе басқа да түсінікті факторларға байланыссыз жүрек айныса, ол да қауіпті белгіге жатады. Бұл белгі әйелдерде еркектерге қарағанда екі есе жиі білінеді. 

Ауа жетпеу

Қиналып демалу — шұғыл медициналық көмек шақыруға басты себеп. Егер физикалық белсенділікпен айналыспаған болсаңыз, аяқ астынан демікпе пайда болса, бірден дәрігердің көмегіне жүгініңіз.

Ауыр психологиялық жағдай

Еңсерілмейтін үрей сезімі де жүрек ұстамасының бастамасы болуы мүмкін. Бұл белгі көбіне әйел адамдарда жиі кездескен. 

Егер осы белгілердің бір-екеуін сезсеңіз де, бірден шұғыл медициналық көмекке жүгініңіз. Егер адам ауруханаға барудан бас тартса, табандылық білдіріп, шапшаң әрекет етіңіз: бұл біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін.