Бақыт гормонының 4 түрі

Бақыт гормонының 4 түрі

Бақыт деген сөзге әр адам өзінше жауап береді. Әдетте бақыт десе, меншік, мүлік немесе өміріміздегі адамдар туралы ойлаймыз. Бірақ іс жүзінде бақыт — ол химия. Өзіңізді жақсы сезіну бақыт гормондарына байланысты.  Мидың ішінде пайда болған төрт негізгі зат сезім мен эмоциялардың пайда болуына жауап береді. Сіздің қиялыңыздағы дүниелер орын алмаса да, сіз өзіңізді жақсы сезіне аласыз.

Эндорфин
Эндорфиндер – бұл қоршаған ортаға жауап ретінде пайда болатын «қуаныш гормондары». Олар ауырсынуды, қорқынышты азайтады.

Эндорфиндердің негізгі қызметі – жүйке жүйесіне «қауіпсіздік жастықшасын» құру. Себебі біздің ашуланып, стресске түсуіміз ағзаға кері әсерін тигізеді. Эндорфин осы жағымсыз әсерді азайтады. Медицинада эндорфин аналогтары депрессиялық бұзылулар мен қатты ауырсынуды емдеу үшін қолданылады.

Эндофин белсенді түрде бөлінуі үшін физикалық жаттығулар жасау керек.

Серотонин
Серотонинді көбіне «көңіл-күй гормоны» деп те атайды. Ол антидепрессант есебінде қолданылады. Серотонин қан айналым жүйесінде маңызды рөл атқарады. Қан тромбоциттерінде едәуір мөлшерде серотонин болады және ол қан плазмасын ұстап, жинақтай алады. Серотонин аллергия мен қабыну процестеріне қатысады. Сондай-ақ ішекте серотониннің көп мөлшері шығарылады. Серотонин асқазан-ішек жолдарындағы қозу мен секрецияны реттеу үшін керек.

Серотонинді көбейтудің бір тәсілі – ультракүлгін сәулелерін қабылдап, күн астында жүру. Сонымен қатар глюкоза қабылдау оң әсер етеді. Дене жаттығуы, терең тыныс алу техникасы мен позитивті ойлау да оның өндірісін жақсартады.

Дофамин
Оны жиі "химиялық сыйақы" деп атайды. Сіз мақсаттарға қол жеткізгенде немесе шаруа істеген кезде шаршап тұрсаңыз да өзіңізді жақсы сезінесіз.Бұл дофаминнің дозасы. Бұл қан қысымын реттейді, жүрек соғысын жиілетеді. Қан ағымын және бүйрек фильтрациясын жоғарылатады Дофамин деңгейін позитивті ойлап, сүйіспеншілік, махаббат жоғарылатады. Игі істер атқару, белсенділік таныту, шараларға қатысу да дофаминнің артуына жақсы әсер етеді.

Окситоцин
Окситоцин гормоны аналар үшін таныс. Ол көбіне бала емізу кезінде шығарылады. Гормон сүйіспеншілік, қамқорлық және жақын қарым-қатынастармен байланысты. Окситоцин қанағаттану сезімін тудырады, мазасыздықтың төмендеуі және серіктес жанындағы тыныштық сезімін сыйлайды. Көптеген зерттеулер окситоциннің адаммен қарым-қатынаста болатындығын, сенімді арттырып, қорқынышты төмендететінін дәлелдеді. Ол мидың мінез-құлық, қорқыныш және алаңдаушылыққа жауап беретін аймақтарына әсер етеді.

Окситоцин бұлшықет регенерациясын тез жақсартады. Аутизм ауруын емдеудің тиімді әдісі бола алады. Аустралиялық ғалымдардың егеуқұйрықтарда жүргізген зерттеулерінде бұл гормонды үлкен дозада енгізу арқылы жануарлардың алкогольге деген жеккөрушілік реакциясы туғаны анықталды. Яғни адамның алкогольге тәуелділігін емдеуге көмектеседі.

Окситоцин көп мөлшерде бөлінуі үшін жақындарыңызбен жиі араласып, сезіміңізбен бөлісіңіз. Кемінде күніне бір рет құшақтасуды ұмытпаңыз. Үй жануарларын бағып, оларға қамқорлық жасаңыз.

дереккөз: balbal.kz