Ақыл тіс неге кеш шығады?

Ақыл тіс неге кеш шығады?

Аризона университетінің ғалымдары ақыл тістің неге кеш шығатыны жайлы зерттеу жүргізіп, құпиясын ашты. Зерттеу еңбек Science Advances басылымында жарияланды.  

Адамды маймылмен салыстыра қарағанда өте кеш есейеді. Азу тістер 6, 12 және 18 жаста өсіп жетіледі. Шимпанзеде үлкен азу тістер 3, 6 және 12 жаста пайда болады.

Ғалымдар тістің пайда болуы адамның эволюциясымен тікелей байланысты екенін анықтап отыр . Зерттеу барысында олар маймылдың 21 түрінің сүйектері мен тістерін талдаған. Нәтижесінде тістің өсуі бас сүйектің өзгеруіне байланысты екені дәлелденген.

Аса маңызды факторлардың бірі – жақтың дамуы. Жақ үлкейе келе тіс те өсе бастайды. Тіс өздігінен тұрмайтыны да белгілі. Оны көптеген бұлшықеттер мен сүйектер ұстап тұрады. Соның нәтижесінде тағамды шайнап, ұсақтауға көмектеседі.

Ғалымдар анықтағандай, адамның жағы өте баяу дамиды. Сондықтан да ақыл тіс кеш шығады.

Бұл зерттеу адам физиологиясын зерттеу үшін ғана маңызды емес, болашақ даму жолына да құнды жаңалық болмақ.

Н. Үсенова