Қан доноры: Неге қан тапсыру керек?

Қан доноры: Неге қан тапсыру керек?

Қан доноры – өз қанын өзгеге ұсына отырып, өлім аузындағы адамға өмір сыйлайтын жан. Дегенмен екінің бірі қан доноры болуға келісе қоймайды. Оған қорқыныш, сенімсіздік және денсаулық жағдайы себеп болуы мүмкін. Massaget.kz сайты қан доноры туралы қызықты деректерді ұсына отырып, жиі қойылатын сұрақтарға жауап береді. 

Қан жеткілікті ғой, неге қан тапсыру керек?
Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлем бойынша шамамен 118,5 миллион қан донациясы жиналады. Соның 40%-ы дамыған мемлекеттерге тиесілі. Естеріңізге сала кетейік, әлем халқының  тек 16%-ы ғана дамыған мемлекеттерде өмір сүреді.

Донорлық қан көптеген адамның өмірін аман алып қала алады. Мысалы, босану кезінде туындаған қан кету жағдайында, қан аздықтың ауыр түріне шалдыққан балаларға, жазатайым оқиға кезінде зардап шеккендерге және онкология мен хирургия бөлімдерінің емделушілеріне қан құйылады. 

Қан тапсыру арқылы кез келген адамға ең құнды сыйлық – өмірді сыйлауға мүмкіндік аласыз. Бір немесе бірнеше өмірді сақтап қала аласыз. Өйткені қанды толығымен ғана емес, кейде эритроцит, тромбоцит және плазмаларға жіктеп, бөліп пайдалана алады. 

Қан тапсыру жұмысы қалай іске асады?
Қанды осы уақытқа дейін тапсырып жүрсеңіз де, алғаш рет тапсырып отырсаңыз да қан орталығы қан тапсыру жұмыстарының сізге және реципиентке зияны тимеу үшін шаралар қолдануы тиіс. Оның ішінде ең бірінші сіздің қаныңыздың тазалығын тексереді.   

Қан тапсыру алдында денсаулығыңыз туралы ақпараттармен танысу мақсатында бірнеше сұрақтар қойылады. Осы уақытқа дейін дәрі қолдандыңыз ба, денсаулығыңызда ақау бар ма, өмір сүру салтыңыз қандай сынды сұрақтарға жауап алынады. Сонымен қатар соңғы барған мемлекетіңіз де назарға алынуы тиіс. Мысалы, сіз безгек ауруы тіркелмеген аймақта өмір сүресіз, бірақ тропикалық аймаққа саяхаттау арқылы ауру тасымалдаушысы болуыңыз мүмкін.

Мұндай сұрақтарды қоюдағы басты мақсат — сіздің және болашақта қаныңыз құйылатын адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыдан кейін ғана шешім қабылданады. Сіз айтқан кез келген ақпарат құпия күйінде қалады және оны өзге мақсатта қолданбайды. 

Сондықтан өзіңіз туралы тек шындықты айқан абзал. Гепатит В және С, ЖИТС сынды қан арқылы берілетін ауруларды анықтау мақсатында сынама жұмыстары жасалса да, кейде аурудың бастапқы кезеңінде анық байқалмайтын кездер болады. 

Сауалнамадан кейін медициналық қаралым жұмыстары жасалады. Салмақ өлшеніп, саусақтан қан алынады, қан аздық бар ма, жоқ па және қан қысымы тексеріледі.

Кейін тамырдан қан алынады. Қан тапсыруға шамамен 15 минут жұмсайсыз. Кейін міндетті түрде денсаулық жағдайыңызды тексеріп, аздаған демалыстан соң (10-15 минут) күнделікті жұмысыңызға орала аласыз. Күні бойы көбірек сұйықтық ішуге кеңес береді.

Қанша мөлшерде қан алады? Кейін менің қаным азайып қалмай ма?
Көптеген мемлекетте адамнан 450 миллилитр қан алынады. Бұл шамамен адам ағзасының бойындағы қанның 10%-ы. Кейбір елдерде алынатын қан мөлшері азырақ. Ағза жоғалтқан сұйықтық мөлшерін шамамен 36 сағатта қалыпқа келтіреді.

Қан тапсыруға донорларды қалай таңдайды?
Донор таңдау жұмыстары әр мемлекетте әртүрлі. Дегенмен қан арқылы берілетін инфекция болмаса, кез келген дені сау адам қан доноры бола алады. Донор ретінде 17 мен 65 жас аралығындағы адамдар қатыса алады. Кейбір елдерде 16 жастан рұқсат етілген.  Дені сау адам жылына кемінде екі рет қан тапсыра алады. 

Кімдер донор бола алмайды?
Егер донация кезінде донордың денсаулығы зардап шегетін болса, онда дәрігер бірден одан бас тартуға кеңес береді.  Қандай жағдайда уақытша донор бола алмайсыз?
• Сол уақытта өзіңізді жайсыз сезінсеңіз;
• Егер қаныңыз аз болса немесе қаныңыздағы белгілі бір элементтер жеткіліксіз болған жағдайда;
• Жүкті болсаңыз немесе соңғы бір жылда жүкті болып, бала емізсеңіз; 
• Жұқпалы дертке шалдыққан болсаңыз;
• Антибиотиктер қабылдап жүрген болсаңыз;
• Жақын арада тату, пирсинг жасатқан болсаңыз.

Қан арқылы айықпайтын ауру түрлерін жұқтырып алуға болады. Ал қандай жағдайда донорлықтан мүлде бас тартқан жөн?
• Егер ЖИТС, мерез (сифилис) болса;
• Сіздің өмір сүру салтыңыз қан арқылы жұғатын инфекция түрлерін жұқтыруға бейім болған жағдайда (мысалы, бірнеше жыныстық серігіңіз болса);
• Егер өміріңізде бір рет болсын рекреациялық есірткілер пайдаланған болсаңыз донор бола алмайсыз.

Қазақстанда жылына қанша адам қан доноры болады?
Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының мәлімдеуінше, Қазақстандағы донорлар әртүрлі жас өкіліне жатады және түрлі жерде қызмет атқарады. Донорлардың басым бөлігі – көбіне қарулы күш құрылым қызметкерлері (әскери мамандар, полиция, ТЖД) және медициналық ұйым (емхана, аурухана) қызметкерлері.  

Қан тапсыруға келгенде қазақстандықтар қаншалықты белсенді?

Соңғы жылдары қанды ерікті түрде тапсыратындардың саны артып келеді. Оған жастар арасында донорлықты дамыту туралы ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары, мектеп оқушыларымен белсенді жұмыс істеу, әлеуметтік желілер мен өзге де заманауи ақпараттық технологияны белсенді қолдану әсер етіп отыр. Донорлықты насихаттауда жаңа байланыс технологиялары мен фейсбук, инстаграмм, "в контакте" сынды әлеуметтік желілер жиі қолданылады.

Көптеген орталықтар мен оқу орындары қан орталықтарына "Донор күнін" атап өту үшін түрлі шаралар ұйымдастыруды ұсынады. 

Донорлық акциялар, соның ішінде ең үлкені – 14 маусымда Дүниежүзілік қан доноры күні аталып өтіледі. Бұл жыл сайын белгілі бір тақырып және қағидалар бойынша әлем бойынша өтеді.

Донорлық туралы сұрақтарға жауап беру мақсатында БАҚ-та (радио, телевизия мен интернет басылымдарда ақпараттық мақалалар жариялаймыз.

Көбіне адамдар төтенше жағдай кезінде, әсіесе әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған кезде көмекке келеді. Сол себепті кейде донор болсам деген қайырымды адамдармен қан орталығы толып қалады. 

Өкінішке орай, қанның құрамындағы компонент белгілі бір уақыт аралығына ғана жарамды. Тромбоциттер небәрі 5-7 күн, эритроциттер 42 күнге дейін жарайды. Тек плазма ғана 2 жыл сақтала алады. Сондықтан, донорлардың қан орталығына жүйелі келіп отыруы маңызды.

Қандай қан тобы жетіспейді?
Біздің елімізде қан жетіспеушілігі жоқ. Қан банкінде барлық қан тобы бар. Қан кез келген уақытта қажет болып қалуы мүмкін. Әркез және әрдайым қан жетуі үшін күнделікті 150-200 донор қан тапсыруы керек. Қазақстан Республикасында бұл көрсеткіш шамамен 1000 донорға жетеді.

Донорлар арасында жиі қойылатын сұрақтар қандай?
Жиі қойылатын сұрақтардың басым бөлігін бұрын-соңды донор болып көрмеген жандар қояды. Олар кейде дұрыс ақпарат алмай, халық арасында тараған жалған әңгімелерге көбірек сенеді. Ендеше жалған мәліметтер мен шындықты толықтай талқыға салайық.

Жалған: Қан тапсыру кезінде белгілі бір инфекция жұқтырып алуға болады.
Шындық: Қан тапсыру – донорлар үшін қауіпсіз. Өйткені барлық донорлық орталықтар бір рет қана қолданалатын, залалсыздандырылған жабдықтармен және дара жүйемен қамтылған. Бір рет қана қолданылатын шприцтер мен инелерді тек донор көзінше ашады, кейін оны бірден қоқысқа лақтырады.

Жалған: Донация — ауыртатын процедура.
Шындық: Донация — өте жеңіл әрі қарапайым процедура. Мыңдаған донор қанын қайта 40 және одан да көбірек тапсырады.

Жалған: Қан тапсыру ұзақ уақытты керек етеді, оның үстіне олар өте қолайсыз уақыт аралығында жұмыс істейді. 
Шындық: Қан тапсыру үшін 15 минут керек, ал кей компонентті (плазма, тромбоцит) тапсыруға 30 минуттай уақыт керек болады. Қосымша дәрігер алдындағы тексеріске де уақыт жұмсайсыз. Жұмыс күндері қан тапсыра алмайтындар үшін қан орталығы демалыс және мереке күндері де жұмыс істейді. Одан бөлек компаниялар мен ЖОО арнайы қан тапсыру күндері ұйымдастырылады.  

Жалған: "Менің қан тобым көп тараған топқа жатады, сондықтан тапсырып қайтем?".
Шындық: Шынына келсек, сау адамдар арасында көп тараған қан тобы, аурулар арасында да көп таралған. Сондықтан ол қанға деген сұраныс көбеймесе, азаймайды. Жиі кездесетін де, сирек кездесетін де қан топтары ем-шараларда әрдайым керек. 

Донация туралы ақпараттар осындай. Бір адамның қаны бірнеше өмірді сақтап қалатынын естен шығармаңыз. Сіз қаншалықты жиі донор боласыз?

Т. Есқали