Спорттың қай түрі жүрекке көбірек пайдалы?

Спорттың қай түрі жүрекке көбірек пайдалы?
Фото: organserdce.com

Адам денсаулығы үшін спорттың маңызы зор. Әркім өзінше спортпен айналысып, көңіл қалауын орындағысы келеді. Бірақ спортқа көңіл бөлерде дене мүшесіне зияны тимейтінін таңдау өте маңызды. Әсіресе жүрек жұмысы спорт таңдайды. Сонымен жүрекке ауырлық түсірмей, пайдасын арттыру үшін спорттың қай түрімен айналысқан дұрысырақ?

Бұл сауалдың жауабын А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиолог дәрігері Рашида Халимназаровадан сұрап көрдік.

Дәрігердің айтуынша, спорттың қай түрін таңдасақ та жүрекке пайдалы. Бірақ денсаулыққа қараған абзалырақ.

"Егер адамның денсаулығы жақсы, жүрек жұмысы қалыпты болса, кез келген спортпен айналысуға болады. Бірақ жүрекке ауыр күш түспегені дұрыс. Қалыпты жаттығу қан айналымын жақсартып, жүрек жұмысының оңалуына мүмкіндік береді. Ал жүрегі ауыратын жандарға емделуші дәрігермен ақылдасып барып, спортты таңдаған абзал", - дейді Рашида Халимназарова.

Ал "Қай спорт жүрекке зиян?" деген сауалымызға дәрігер кроссфит, ауыр атлетика, пауэрлифтинг сынды агрессиялық спорт түрлері жүрекке аса зиян деп жауап берді.

"Егер жүрекке ауыр күш пен жүк түссе, гипертрофияға ұшырауы мүмкін. Яғни, жүректің қабырғасы кеңейіп кетеді де, қан тамыры иілгіш қасиеті мен жұмсақ икемінен айырылады. Сондықтан ауыр спортпен айналысатын кәсіби спортшылардың көбі ерте қайтыс болады", - деп түсіндірді кардиолог.

Ал спортпен айналыспайтын, тек дене жаттығуын жасауды құп көретін жандарға дәрігер мынадай кеңес берді.

"Спортпен айналыспағандарға жаяу жүрген пайдалы. Адам күніне кем дегенде 10 мың қадам басып немесе 10 шақырым жүруі тиіс. Таңғы жаттығу да жүрекке жақсы серпін мен күш береді", - дейді маман.

Өзге де қызықты ақпараттарды сайтымыздың instagram парақшасынан  оқи аласыздар

Қ. Слямбек