- Негізгі бет
- Денсаулық
- Сиыр етін қалай...
Сиыр етін қалай пісірген пайдалы?
Қытай ғалымдары сиыр етін асу мен қуырудан гөрі вакуумге салып пісірсе пайдалы болатынын айтады. Зерттеу нәтижесі Journal of Agricultural and Food Chemistry журналында жарияланған.
Ет пісірудің бұл әдісі су-вид (французша sous-vide – вакуум іші) деп аталады. Бұрында арнайы мейрамханаларда ғана қолданылған әдіс болса, қазір асүйде де дайындауға болады. Ол үшін тұрмыстық техника болса жеткілікті.
Нанкин ауыл шаруашылық университетінің ас-ауқат ғылымы мен технологиясы колледжінің зерттеушілері сиыр етін пісіру мен дайындаудың түрлі тәсілін қолданып, ағзаға сіңімді әрі пайдалы түрін іздеп көрген.
Зерттеушілер етті қуырғанда, асқанда құрамындағы ақуыздары қышқылға айналып, ағзаға зиян келтіретінін байқаған. Ал вакуум әдісі арқылы пісірілген етте пайдалы ингридиенттер көп сақталып қалатын көрінеді. Құрамындағы ақуыз аз өзгеріске ұшырайды.
Сондай-ақ ғалымдар қуырылған, асылған етті алып асқазан, ішек сұйықтығымен тотықтырып көрген. Нәтижесінде вакуумде дайындалған еттің тез сіңетіні белгілі болды.
Зерттеу тобының жетекшісі Ванган Чжан етті дайындаудың дәстүрлі әдісі – асу мен қайнату, қуыруға қарағанда, аз температурамен пластик пакетке салып дайындалған ет әлдеқайда дәмді әрі пайдалы болатынын айтады.
Вакуум әдісімен дайындалған ет 60°С температурада пісіріледі. Зерттеушілердің айтуынша, мұндай әдіспен пісірілген ет балғын, бар құнарын сақтаған әрі асқазанға жеңіл болады.
Зерттеу авторлары ізденісті әлі де жалғастырмақ, ет дайындаудың түрлі тәсілін қолданып, адам денсаулығы мен ішек микрофлорасына әсерін анықтамақ.
Қ. Слямбек